Құлсары қаласындағы «Беркад» базарында аяқ киім сатумен айналысатын 50 шақты саудагер арендалық орынақысы бірнеше есе қымбатқа түсетін бутиктерге көшуге келіспей отыр. Жайма базардағы орынақы үшін олар қазір айына 15 мың теңге төлеп отыр, ал бутиктерде олар 60 мың теңге төлеуі тиіс болмақ. Алайда, базар әкімшілігі өз шешімін өзгертпек емес.
Саудагерлер «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалына, кәсіпкерлер палатасына, жергілікті әкімдікке арызданғанымен жауап ала алмай отырғандарын айтады.
- Қазір біз қиын жағдайда қалып отырмыз. Тек аяқ киім сатумен айналысатындықтан табыс мол түспейді. Біз де көпшілігі секілді бала оқытып, кредит төлеумен келеміз және артық ақшамыз болмайды. Ал, дағдарыс болғалы дұрыс сауда да жоқ, - дейді саудагерлер.
Одан бөлек, саудагерлер басқа орынға көшсек, клиенттерімізден айрылып қаламыз ба деп қорқады. Арендалық орынақы да қымбат.
Алайда, базар әкімшілігі жыл аяғына дейін жасалған келісімшартты бұзып, қарашаның 15-нен бастап босату жөнінде ескерту қағазын таратқан.
Бірақ саудагерлер бұл қағаздарды алудан бас тартуда. Олар жергілікті әкімдіктен көмек күтіп, «Қанат» жайма базарын ашуды талап етіп отыр.
«Беркад» ЖШС-нің директоры Аманбай ЖҰМАЛЫ жағдайға былайша түсінік берді:
- Аяқ киім сатылатын қатарда сүт өнімдері және азық-түлік сатылады. Бұл жерде аяқ киім сатуға арналған бутиктер жоқ. Сондықтан біз аяқ киім сатушыларды екінші және үшінші қабаттардағы бутиктерге көшіру жөнінде шешім қабылдадық. Біз аяқ киім сататын барлық 47 саудагерге арендалық орынды босату жөнінде ескерту қағазын алдын ала тараттық, түсінік жұмыстарын жүргіздік. Бірақ сатушылар жоғары қабатқа көшсек, клиенттен айрыламыз деп ойлайды, бірақ олай болмайды. Базар әкімшілігі мен құрылтайшысы базарды сатып алушылардың және заман талабына сай болуы үшін бар мүмкіндікті жасап отыр.
- Саудагерлер олардың бұрынғы орындарына аяқ киім сататын басқа саудагерлер келе ме деп қорқады…
- Біз алдағы уақытта бірінші қабатқа жөндеу жүргізбекшіміз. Кафель төсеп, әктеп, бутиктер жасамақпыз.
- Базардағы арендалық орынақы мәселесі қалай шешілмек?
- Осыған дейін аяқ киім сатушы күніне 500 теңге, яғни, айына 15 мың теңге төлеп келген. Көшіру жөнінде ойластырғанда бутиктердің орынақысын бірден 30 пайызға төмендеттік. Жоғарыдағы бутик үлкен, егер төрт адам бірге орналасса, онда олар әрқайсысы 15 мың теңгеден жинап, айына 60 мың теңге төлейді. Біз бір-бірімізді әлі де болса түсінісіп, келісеміз деген ойдамын.
Ал саудагерлер әзірге көшуге асықпай отыр және олар Құлсары қаласының әкімдігі «Қанат» жайма базарын ашады деген сенімде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА