Атырау, 26 қараша 09:01
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Португалия парламенті үкіметке сенімсіздік білдірді

2 085 просмотра

Португалия парламенті Педру Коэлью басқарған оңшыл коалициялық үкіметке сенімсіздік білдіріп, отставкаға жіберді.

Парламент ғимараты алдына шеруге шыққан жұмысшылар бұл шешімді қуана қостады. Айта кетер бір жайт, қазан айында өткен сайлау нәтижесінде билікке келген үкімет осыдан тек екі апта бұрын ғана қызметіне кіріскен еді. 2011 жылдан елді басқарып келген коалиция сайлауда 104 депутаттық орынды жеңіп алған. Бірақ бұл нәтижемен 230 орыннан тұратын парламентте басымдыққа ие бола алған жоқ. Парламентке өткен солшыл партиялар бірігіп, үкімет құруға дайындығын білдірсе де, Португалия президенті Каваку Силва министрлер кабинетін жасақтауды Коэльюге тапсырған еді. Президентке солшыл күштердің қатал үнемдеу саясатынан бас тарту ниеті ұнамаған. Дегенмен социалистік және коммунисттік партиялар мен Солшыл блоктың депутаттары күш біріктіріп, өз дегеніне жетті. Енді үкіметті социалистік партияның жетекшісі Антониу Кошта басқаруы мүмкін деген болжам бар. Грекия және Ирландиямен бірге ауыр қаржылық дағдарысқа ұшыраған Португалияға Еуроодақ пен Халықаралық валюта қоры көмек бөлген еді. Қатал үнемдеу шараларын қабылдауға міндеттеме алған ел басшылығы зейнетақы мен жалақыларды қысқартып, салықты көтерген болатын.

Дереккөз: 24.kz

11 қараша 2015, 11:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.