Атырау, 21 желтоқсан 23:08
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Владимир Никитенко: «Менің келісімшартымның мерзімі 15 қарашада аяқталады»

1 971 просмотра

8 қарашада футболдан ел чемпионатының соңғы 32-туры өтті. «Астана» «алтын» алса, «күмісті» «Қайрат», «қоланы» «Ақтөбе» иеленді. «Атырау» өз алаңында павлодарлық «Ертісті» 1:0 есебімен ұтып, чемпионатты 5-орында аяқтады (салыстырсақ, 2014 жылы 9-орын, 2013 жылы 8-орын алған еді). «Атыраудың» бас бапкері Владимир НИКИТЕНКО матчтан кейінгі баспасөз конференциясында матч пен чемпионатты қысқаша қорытындылап өтті.

- Бұл ойын өте тартысты өтті, екі команда да турнир кестесінде бір саты жоғары тұрғысы келді. Енді келесі қадамды жасау керек...

Алдын-ала кезеңде керемет деп айтпай-ақ қояйын, бірақ жақсы ойын өрнегін көрсеттік, ұпай жинадық, бұл бізге үздік алтылыққа кіріп, жүлделер үшін күресті жалғастыруға мүмкіндік берді. Біз 15 ойын бойы ұтылмай, қатарынан 6 ойында жеңіске жеттік. Ал финалдық кезеңде орындау шеберлігі жетіспеді. Өйткені бірінші алтылық арасындағы ойындар алдын-ала кезеңге қарағанда жоғары қарқынмен өтеді. Шебер ойыншылардың жетіспеушілігі әсіресе «Қайрат», «Астана», «Ордабасы» командаларымен ойнағанда байқалды.

- Келесі маусымда сіз команданы жаттықтыра бересіз бе?

- Менің келісімшартым осы жылдың 15 қарашасына дейін жасалған. «Атырау» ФК мен облыс басшылығы біздің жұмысымызды бағалауы керек. Келесі маусымға қойылатын жоспарлар туралы ақылдасу керек. Барлығы өзіміздің не қалайтынымызға байланысты: Еурокубоктарға қатысу ма, алғашқы алтылықта болу ма немесе жәй ғана чемпионатқа қатысу ма? Алдымен соны анықтап алу керек.

Бүгінде «Атырау» ФК бюджеті жағынан Премьер-Лигада соңғы орындардың бірінде тұр. Біз бәрін үнемдеуге мәжбүрміз.

- Онда неге демеушілер тартпасқа?

- Мен мұны құптаймын. Мысалы, «Ертіс» екі көзден - жергілікті бюджет және «Русал» компаниясы қаржысымен – қаржыландырылады.

Біз барымызды салып ойнадық, бұдан артық қолымыздан келмеді, шеберлік қорымыз аз. Біздің алдымызға үздік алтылыққа кіру міндеті қойылды. Біз оны бірінші кезең аяқталуға жеті тур қалғанда орындадық. Содан кейін 4-орын алу керек деген міндет қойды, алайда бұл басқа ойын сапасын қажет етті. Бізді күшейтетін жаңа ойыншылар керек болды, бірақ оны ешкім ойламады. Келесі маусымда шабуылды да, жартылай қорғанысты да, қорғанысты да күшейту керек. Алайда жақсы шабуылшылар қымбат тұратынын да ескеру қажет.

- Қанша?

- Мәселен, «Ақтөбе» ФК-ның шабуылшылары біздікілерден бес есе қымбат тұрады. Өкінішке орай, «Атырау» ФК барлық жағынан да үнемдейді. Біздің командамыз басқалар сияқты чартерлік рейстермен ұшпайды. Әртүрлі қалаларға Астана арқылы күн жарымда жетеміз. Ойыншылардың кейде ұйқысы қанбайды, ал мұның бәрі физикалық жағдайына әсер етеді.

- Ойыншылардың шеберлігі тақырыбына оралайық...

- Осы маусымда біз Мақсат Байжанов пен Константин Заречныйды шақырдық. Бұдан бес жыл бұрын олар өте жоғары деңгейде ойнады. Осы маусымда да олар бізге көп көмектесті. Біз жақсы ойыншыларды ізеуді тоқтатқан емеспіз, алайда олар «Қайрат» пен «Астанаға» барғысы келеді, «Атырауға» келгісі жоқ. Тағы бір мәселе, біздің жаттығу алаңымыз жоқ, «Мұнайшы» стадионындағы негізгі алаңды пайдалануға мәжбүрміз. Қазір «Судоремонтник» стадионын реконструкциялау жоспарлануда. Сол жерде толық стадион салынатын болады. Рас, футбол алаңының көлемі шағындау болады, алайда жаттығу үшін барады.

УЕФА стандарттарына сәйкес келтіру үшін «Мұнайшы» стадионын реконструкциялау жоспарда бар. Иә, «Атырау» 4-орын алып, Еуропа Лигасында ойнау құқығына ие болса, бұл жоспар жүзеге асар еді. Болмай қалды...

- Сіз «Атыраудың» бас бапкері болып жұмыс жасай бергіңіз келе ме?

- Бұл маған байланысты емес. Футбол клубы мен облыс әкімдігінің амбициялық жоспарлары болса, мен жұмыс жасаймын. Ал сәйкесінше ресурстарға сүйенген үлкен мақсатсыз ойнау маған қызықты емес.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

11 қараша 2015, 10:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.