Атырау, 26 қараша 08:58
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Египетте ұшақ апаты салдарынан туризм тұралап қалуы мүмкін

2 149 просмотра

Ел қаржысының 14 пайызын туристік саладан түсіріп отырған Мысыр үшін Синай аралына құлаған Ресей ұшағы біраз қиындық тудырды. Бүкіл әлем назарын аударған қайғылы апаттан кейін осы елге көп демалушыларын аттандыратын Ресей мен Ұлыбритания Египетпен арадағы әуе байланысына уақытша шектеу салған.

Оған қоса осы елде тынығып жатқан өз азаматтарына демалысты доғарып, елге қайтуға кеңес берді. 31 қазан күні Шарм-әл-Шейхте «Когалымавиа» компаниясының ұшағы құлап, 224 адам көз жұмған болатын. Осы қайғылы оқиғадан кейін Мысырға тынығуға баратын туристер саны күрт азайған. Бұл жағдай «биыл 10 миллион саяхатшыны қабылдаймыз» деп мақсат қойған Египеттің туризм саласын тұралатып тастауы мүмкін. Ирина Тюрина, Ресей туристік индустрия ұйымының өкілі: - Әрине шет елге шығып демалғысы келетін ресейліктер үшін Египет қолайлы. Ел азаматтарының 80 пайызы сонда барып демалғанды қалайтын. Себебі онда күн жылы, жағалау бар. Барлық жағдай жасалған. Бағасы да қолжетімді. Ал қазіргі жағдай туристік агенттіктер үшін өте қиын болып тұр. Қайғылы оқиғадан кейін Ресей мен Ұлыбритания билігі Египетпен әуе қатынасын тоқтатып, өз азаматтарына демалыстарын доғарып, елге қайтуға кеңес берген. Қазір бұл екі мемлекет Мысырға бос ұшақтар жөнелтіп, демалысы біткен азаматтарын аман-есен Отанына жеткізумен айналысуда. Өткен сенбі мен жексенбінің өзінде Ресей Египеттен 12 мың туристі алып кетсе, Британия 10 мың демалушыны елге жеткізген. Алайда ұзақ уақыт армандап жеткен демалысын асықпай өткізгісі келетіндер тынығу орындарында ешқандай қауіптің жоқ екенін айтуда. Ұлыбританиядан келген демалушы: - Менің ойымша, Британия билігі асығыс шешім қабылдап отыр. Екі ел арасындағы әуе қатынасты тоқтатуға да әлі ерте деп ойлаймын. Әлі қара жәшіктегі ақпараттар толық анықталып, ұшақтың құлау себебі де белгілі болған жоқ. Туристер кетуге асықпағанымен, келіп жатқандардың да қарасы көрінбейді. Египеттегі Шарм-әл-Шейх туристік орталығының өкілі: «Егер Ресей мен Ұлыбританиядан келетін конақ саны сап тыйылатын болса, кәсібіміз тоқтап қалуы мүмкін», - деп алаңдауда. Египеттегі туризм министрлігінің дерегіне сүйенсек, осыған дейін жыл сайын бұл жаққа Ресейден 3 миллион, ал Ұлыбританиядан 1 миллионға жуық демалушы келіп, тынығып тұрған екен. Егер аталған елдермен арадағы ұшақ қатынасы үзіліп, жағдай осылай жалғаса беретін болса, бір қыстың өзінде Мысыр 500 миллион доллар жоғалтуы мүмкін. Ал мәселе жуық арада шешілмейтін болса, жыл ішінде ресми Египеттің 2 миллиард доллардан қағылуы ғажап емес.

Дереккөз: 24.kz

9 қараша 2015, 16:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.