Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облыстық департаменті (ТМРжБҚКД) хабарлағандай, Нұрсая ықшамауданындағы 63 көппәтерлі үйлерге жылу берумен айналысатын «Атырау қаласындағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС (ТҮКҚК) жылумен қамту тарифін өсіруге өтінім берген.
ТМРжБҚКД басшысының орынбасары Әлсейіт САБЫРОВТЫҢ айтуынша, Нұрсаяда қазіргі тариф жылытылатын ауданның әр шаршы метріне 41 теңгені құрайды. Монополист оны 155 теңгеге дейін, яғни 3,7 есе көтеру керек деп отыр.
- ЖШС көтеру себептеріне келесілерді атап отыр: қызмет көрсететін үйлердің көбеюі, жылу трассалары ұзындығының өсуі, материалдар шығындарының артуы, - дейді А. Сабыров.
Қоғамдық тыңдау 19 қарашада Нұрсая ықшамауданында болады деп жоспарланған.
А. Сабыровтың айтуынша, ТҮКҚК әкімшілігі мұның қашан, қай жерде болатынын халыққа кіру есіктеріне ілінетін хабарландырулар арқылы жеткіземіз деп сөз берген.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ