№2 қалалық соты Атырау қалалық ІІБ №1 қалалық әкімшілік полиция бөлімінің учаскелік инспекторын үш жыл шартты мерзімге жазалады.
Облыстық баспасөз қызметінің хабарлауынша, қылмыстық іс материалдарынан білгеніміздей, әкімшілік полиция инспекторы А. Тілеужанов «қызметтік жалған құжат жасап, шағымданып келген тұлғаға қатысты заңсыз әрекеттер жасау жолымен ауыр қылмысты қасақана тіркеуге алмаған».
Облыстық сот хабарламасы бойынша бірінші айыптау ісінің (қызметтік жалған құжат жасау) мазмұны келесідей: «А. Тілеужанов 2014 жылғы сәуірде отбасылық жанжал жөнінде шақырту алып, әкелерін психиатриялық ауруханаға салу жөнінде өтініш жасаған Г.А.-ның үйіне беттейді. Өз келісімін берген А. Тілеужанов Г.А.-ның әкесін облыстық жүйке аурулары диспансеріне қаратуға алып барады. Дәрігерлер оны ауруханаға жатқызуға шешім шығарғаннан кейін бұл кісінің үйінде жинақ ақшасы бар екені белгілі болады.
Балалары оны тауып алып, жойып жіберуі мүмкін деген сылтаумен инспектор ақшаны өзінде сақтауға ұсыныс жасайды.
Осылайша, А. Тілеужанов 3 000 доллар, 6 000 ресей рублі мөлшерінде ақша мен Samsung GalaxiS4 маркалы телефонына ие болады».
Облыстық сот екінші іс бойынша келесілерді хабарлайды: «2014 жылғы 5 қазанда полиция қызметкері Е.Т.-дан таяқ жеген В.Р. дене жарақатымен Атырау облыстық ауруханасына түседі.
В.Р.-дің полицияға Е.Т.-ға қатысты шара қабылдау туралы арыз жазу кезінде А. Тілеужанов Е.Т.-ның жас қызметкер, отбасы мен кішкентай балалары бар екенін, арыз жазса, жұмыстан шығып кететінін айтып, арыз беруден бас тартуға көндіргісі келеді.
А. Тілеужанов В.Р.-дің арызын тіркеп, оның атымен басқа арыз және дене жарақаттарын КЖО-да жұмыс жасап жүрген кезде алдым деген түсініктеме жазады. Содан кейін В.Р.-ге қатысты ҚР ӘҚтК-нің 387-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы жалған хаттама толтырып, оған ескерту ретінде әкімшілік жаза белгілейді. Осылайша заңсыз әкімшілік жазаға тарту түрінде В.Р.-дің мүддесіне зиян тигізілген».
Сот үкімімен А. Тілеужанов айыпты деп танылып, екі жыл сынақ мерзіммен үш жыл шартты мерзімге жаза белгіленді және ол 2,5 жылға дейін құқық қорғау органдарында жұмыс жасау құқығынан айырылды.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
В Атырау +4