Ақ үй Египетте апатқа ұшыраған Ресейдің "Когалымавиа" компаниясына тиесілі Airbus A321ұшағына теракт жасалған болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұған дейін Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон ұшақ бортында бомба болғаны "әбден мүмкін бола бастағанын" мәлімдеген.
Бірақ Мәскеу АҚШ пен Ұлыбритания билігі өкілдерінің ұшақта жарылғыш зат болғаны туралы болжамдарын қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартады. Ресей билігі бұған қоса британ барлауының теракт қаупі туралы ақпаратымен бөліспегеніне наразылық білдірді.
АҚШ президенті Барак Обама америкалық радиолардың біріне берген сұхбатында теракт жасалуы мүмкін деген болжамға "ерекше көңіл бөлу" керегін айтты. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнест Вашингтонда журналистерге АҚШ әзірге апат себептеріне қатысты өз тұжырымын жасамағанын, бірақ терроршылардың шабуылы туралы болжамды жоққа шығармайтынын айтты.
31 қазанда Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласынан Санкт-Петербургке ұшып шыққан жолаушылар ұшағы апатынан борттағы 224 адам түгел қаза тапқан.
Дереккөз: azattyq.org