Атырау, 21 желтоқсан 22:54
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Анталиядағы жетістік

2 606 просмотра

Түркияда өткен панкратионнан әлем чемпионатында ҚР құрамасы ұтқан жүлделері бойынша командалық есепте Ресейден кейін екінші орын алды. Үшінші орын Украинаға бұйырды. Дүбірлі доданың қалай өткені туралы ҚР құрамасының бас бапкері Сағындық МЕКЕЕВ (суретте) әңгімелейді.

- Сағындық, Анталияда панкратион жарыстарынан бұрын болған грэпплинг чемпионатында атыраулық спортшылар қалай өнер көрсетті?

- Грэпплингтен әлем чемпионаты грэпплинг және грэпплинг-ги (кимономен күресу) санаттары бойынша өтті. ҚР құрамасы сапында екі атыраулық спортшы – қазақ күресінен спорт шебері Дастан Қарасаев (77 келіге дейін) пен самбо мен дзюдодан спорт шебері Қайрат Өтеген (100 келіге дейін) өнер көрсетті. Екеуі де кимономен шықты. Дастан үш белдесу өткізіп, үшінші орын үшін өткен айқаста полякқа жол берді. Қайрат әзірбайжандық палуанды ұтып, үшінші орын алды.

- Панкратионнан әлем чемпионатының алғашқы күні кілемге жастар құрамасы мен ардагерлер шықты. Олардың жетістіктері қандай?

- Жастар арасындағы жарыстарда тек атыраулық спортшылар өнер көрсетті. Екі спортшы финалға шықты. 66 келіге дейінгі салмақта Әділбек Қайырғали тәжіктен ұтылып, күміс жүлдені місе тұтты. Шешуші айқаста 62 келіге дейінгі салмақта ресейлік спортшыға есе жіберген Әбілхайыр Дүйсәліпов осындай нәтиже көрсетті. Жігіттерге тәжірибе жетіспеді деп ойлаймын. Олар осындай ірі жарыстарға бірінші рет қатысып отыр.

Кешке қарай кілемге ардагерлер шықты. Бұл санатта атыраулықтар болған жоқ. Алайда үш алтын, екі күміс және үш қола медаль ұтқан ҚР құрамасының жетістігіне қуаныштымыз.

Екінші күні панкратионның «традишен» бөлімінде (басқа қолмен соққы жасауға тыйым салынған) атыраулық спортшы Нұртілек Қонашев 57 келіге гі салмақта «қолаға» қол жеткізді.

- Панкратионнан әлем чемпионатында негізгі тартыс «элит» бөлімінде, яғни, толық контактілі айқастарда өрбіді. Спортшыларымыз мұнда қалай өнер көрсетті?

- 84 келіге дейінгі салмақта Жасұлан Хасимов үшінші орын алды. 100 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін 38 жастағы Тыныс Бисалиев жартылай финалда ресейліктен ұтылды. Бұл айқаста Тыныс құлаған кезде иығын шығарып алды және медицина қызметкерлері «қола» үшін айқасқа оны жібермеді. Спортшы шығуға құлшынған еді. Тыныс биыл ҚР ересектер құрамасы сапынан кетіп, ардагерлер санатына қосылады.

57 келіге дейінгі салмақтағы финалда Талғат Жұмағалиев әзірбайжандық әлем чемпионымен керемет белдесу өткізіп, алтын медальға қол жеткізді. Талғат джиу-джитсумен айналысуды белгілі атыраулық жаттықтырушы Ерболат Сатыбалдиевтан бастап, содан кейін туған ауылы Қаратонға кетіп, сол жерден «Жылыой» деп аталатын спорттық клуб ашты. Өзі сол жерде жаттығу жасап, өз білгенін жастарға үйретеді. Талғаттың үлкен қоғамдық жұмыстар жасап жүргенін айтып өткен жөн. Өз күшімен шағын спорт залын салды. Жылыой ауданының билігі мен кәсіпкерлеріне жерлестерінің тек әлем чемпионы ғана емес, ақ көңіл адам екенін айта отырып, ғимаратын қыста жылытуға көмектессе екен дегім келеді.

Анталиядағы әлем чемпионаты алдында облыс құрамасы «Айдар» кәсіпқой спорт клубында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Талғат сол жерге еш дайындықсыз келді, алайда екі апта ішінде жаттығулардың бірде-бірін жібермей, қатты күш салды. Сәйкесінше, нәтиже де келді...

Түркиядағы чемпионаттың алдында үш дүркін әлем чемпионы Жұмагелді Жалғасұлы ММА бойынша қараша айында Чехияда өтетін әлем чемпионатына дайындалуға ұлттық команданың жиынына шақырту алды. Оның орнын Анталияда биыл ел чемпионы болған талантты да жас спортшы Асыланбек Таженов басады деп есептегенбіз. Алайда ұшуға екі күн қалғанда Асыланбек тізесінен жарақат алып, кемінде жарты жылға құрама сапынан шығып қалды. Қазір жарақаттанған тізесіне қай жерден операция жасау керектігі ойластырылып жатыр.

Отбасы жағдайына байланысты чемпионатқа Азамат Өтеулиев бара алмады. Лев Винс те жарақат алып қалды. Бұлардың барлығы да «элит» бөлімінде өнер көрсетіп, алтын алады деген үміткерлеріміз еді.

- Жақын әзірге қандай жоспарларыңыз бар?

- Қараша айының соңында Қарағандыда өтетін кәсіпқой әскери самбодан ҚР чемпионатына дайындық жүріп жатыр. Сол жерде желтоқсанда Израильде өтетін әлем чемпионатына іріктеу жүргізіледі. Спортшыларды сапалы дайындағаны үшін жаттықтырушылар Асқар Үмбетовке, Айбар Есенғалиевқа, Наран Ешібаевқа, сондай-ақ, дене тәрбиесі және спорт басқармасы мен демеушілерге 2015 жыл бойы облыс құрамасына қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтқым келеді.

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

5 қараша 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.