Биыл Жылыой ауданында жер телімдері саудасы бойынша аукцион екі рет жүргізілді. Жалпы осы күнге дейін аукционмен 13 жер телімі сатылған.
Жылыой аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Дағыстан НАУРЫЗБАЕВТЫҢ айтуынша, 15 мамырда өткізілген бірінші аукционда саудаға 40-қа жуық жер телімі шығарылған. Аукционға қатысқан 11 адамның бесеуі Құлсары қаласы және Қосшағыл, Жем, Ақкиізтоғай ауылдық округтерінен жер сатып алды. Бұл жер телімдерінде дүкен, аялдамалар, шаштараз салонының құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Аукцион қорытындысы бойынша облыстық бюджетке 1 млн теңге кіріс түскен.
Жуырда өткен екінші аукционда Құлсары қаласы, Теңіз қалашығы, Жаңа Қаратон поселкесі және ауылдық округтердегі 68 жер телімі саудаға шығарылды.
Бұл жолы сегіз адам жер телімдерінің иелері атанды. Бюджетке 5 млн 299 мың теңге кіріс түсті.
Бүгінгі күні Құлсары қаласында кәсіпкерлер атынан жер телімдерін пайдалану құқығын беру туралы 80-ге жуық арыз тіркелген.
Келесі аукционды қарашаның аяғында өткізу жоспарланып отыр. Саудаға 60-қа жуық жер телімі шығарылмақ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА