Мысыр билігі ресейлік Airbus A321 ұшағының әуе апатына ұшырауына техникалық ақаулар себеп болды деп есептейді, - деп хабарлады РИА Новости.
Мысыр үкіметінің өкілі Хусам әл-Кувейштің айтуынша, көрсеткіштердің барлығы әуе апатының техникалық ақаудан болғанына куәлік етіп отыр. "АҚШ пен Ресейдің қарамағындағы жасанды серіктер апаттың лаңкестіктен болмағанын анықтады. Демек қалған көрсеткіштің барлығы ұшақтың іштегі техникалық ақаудан құлағанын көрсетіп тұр", - деді әл-Кувейш.
Бұған дейін Stratfor барлау-сараптама компаниясының сарапшылары ресейлік А321 лайнерінің Синай түбегінде құлауына борт ішінде жарылған бомба себеп екенін атады.
Еске сала кетейік, әуе апаты 2015 жылдың 31 қазанында таңғы уақытта болды. Ұшақ бортында 217 жолаушы мен экипаждың 7 мүшесі болған. Болжам бойынша, апаттан тірі қалғандар жоқ.
Дереккөз/фото: tengrinews.kz