ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірліктерінің әуе компаниялары еуропалық әуе тасымалдаушыларының Синай түбегінің үстімен ұшуды тоқтату шешіміне қосылды.
Әмірліктердің The National газетінің хабарлауынша, үш әуе компаниясы - «Эмирейтс», «Эйр Арабия» және «ФлайДубай» сенбі күні ресейлік әуе кемесі апатқа ұшыраған Мысырдың әуе кеңістігінде ұшуларын тоқтатты.
Әбу-Даби әмірлігінің әуе тасымалдаушысы - «Этихад» компаниясы Мысырдың жердегі қызметтерінің нұсқаулықтарын ұстана отырып, рейстерін Синай түбегінің үстімен орындауды жалғастырады.
Жексенбі күні Мысырдың азаматтық қорғаныс министрі Хоссам Камаль ел билігі «Когалымавиа» әуе компаниясы рейсінің анықталған 122 дене және тұлғалары танылмаған 42 жолаушының сүйектері салынған 164 қаралы жүкті жібергенін мәлімдеді.
Дереккөз: inform.kz