Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған сайлауда дауыс бергеннен кейін жақтастарына қол бұлғап тұр. Стамбул, 1 қараша 2015 жыл.Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу 1 қарашада мерзімінен бұрын өткен парламент сайлауында "Әділет және даму" партиясы жеңіске жеткенін мәлімдеді. Соңғы ресми деректер бойынша, партия парламенттегі көпшілік орынға ие болған. Берілген дауыстың 97 пайызын санағандағы қорытынды бойынша, сайлауға қатысқандардың 49,4 пайызы партияны қолдап дауыс берген. Бұл дауыс "Әділет және даму" партиясына парламенттегі 550 орынның 315-ін иеленіп, үкіметті жасақтауға мүмкіндік береді.
Күрдтердің Халықтық демократиялық партиясы үміткерлері парламентке өтуге қажетті 10 пайыздық межені алғанына қарамастан дауыс беру қорытындысын "түңілдіретін нәтиже" деп атады. Маусымда өткен сайлауда партия 13 пайыз дауыс алған еді.
Биліктегі партияның жеңіске жеткені жариялана бастағанда Түркияның оңтүстік-шығысында күрд диаспорасының өкілдері тәртіпсіздік жасап, полициямен қақтығысты.
Ал оппозицияшыл Республикалық халықтық партиясы коалициялық үкімет жасақтау ықтималдығы төмен деген болжам жасады.
Дереккөз: azattyq.org