Бүгін, 30 қазанда, Атырауға екі күндік сапармен ұшқыш-ғарышкер Айдын АЙЫМБЕТОВ (суретте) келді.
Айдын Айымбетов – ғарышқа ұшқан үшінші қазақстандық және әлемдегі 545-ші ғарышкер. Ол 2-12 қыркүйек аралығында «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесінің бортинженері ретінде Халықаралық ғарыш станциясында болды. Ұшу ұзақтығы 9 күн 20 сағат бірнеше минутқа созылды.
Ғарышкер ең алдымен АМУ-ға барды. Студенттердің алдына шыққан ол ана тілін дұрыс білмегеніне кешірім сұрап, орысша сөйледі: «Сіздердің жақсы базаларыңыз және керемет студенттеріңіз бар. Менің ғарышқа ұшқаным өзімнің ғана еңбегім емес, баршаңыздың, барлық Қазақстан халқының еңбегі. Мен соңғы нәтижесі сияқтымын – мен қойылған міндетті орындадым. Ғарышта болып, туған даламның үстімен ұшып, осы шексіз алқапқа қарағанымда халқыма үлкен алғыс айтқым келді. Жаныма күш берді. Мен сол кезде: «Бұл - біздің Ұлы қазақ даласы, гүлдене бер, Қазақстан!» дедім».
Айдын Айымбетов осы сапар барысында «Батыс» өңірлік қолбасшылығы сарбаздарымен, «ҚазТрансОйл», АМӨЗ, «Атырау Жарық», АЖЭО және «Ембімұнайгаз» жұмысшы жастарымен, сондай-ақ Махамбет ауданының халқымен кездесу өткізеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор