2013 жылдан бері «Атырау» ДСК-нде Қазақстан таэквондо федерациясының (GTF) филиалы жұмыс жасайды. Осы уақыттың ішінде бірнеше ел чемпионы дайындалды. Біздің сұрақтарымызға осы спорт түрінен облыстың аға жаттықтырушысы (1-дан қара белдігінің иегері, джун-ри таэквондодан ҚР чемпионы, жаттықтырушылық өтілі - 6 жыл) Берік ӘЛЖАНОВ (суретте) жауап берді.
- GTF пен таэквондоның олимпиадалық нұсқасының (WTF) айырмашылығы қандай?
- Олимпиадалық ойындар бағдарламасына кіру үшін WTF нұсқасы жеңілдетілді, онда кейбір тиімді соққыларды жасауға тыйым салынды. Олимпиадалық нұсқадан айырмашылығы GTF-те қолмен басқа соққы беруге және қарсыласына үлкен зиян келтіретіндей аяқпен тебуге рұқсат берілген. Сондықтан да GTF қауіпті жекпе-жек түрі болып саналады.
- Шәкірттеріңіздің биылғы жетістіктері туралы айтыңызшы.
- Қаңтар айында Орал қаласында балалар мен жасөспірімдер арасында өткен «Жұлдыздар шоқтығы» турниріне біздің филиал атынан жарыстың мацоги (спарринг) және хенги (кешенді жаттығулар) санаттары бойынша он бір спортшы қатысты. Мацогиден келесілер «алтын» нәтиже көрсетті: 4-5 жас – Амир Моор, 6-7 жас – Дмитрий Еременко, Мақсат Мұхамбетов, Нұрәлі Бекбол, 16-17 жас – Рүстем Ситимов. Денис Ким (12-13 жас) күміс, Әмір Адайғалиев пен Ислам Оразбек (6-7 жас) қола жүлде алды. Сондай-ақ, Денис Ким хёнгиден қолаға қол жеткізді.
Наурызда біз Ақтөбеде өткен «Азия жауынгері» халықаралық турниріне бардық. Оған Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстаннан спортшылар қатысты. Сол жарыстан Арнұр Әмірханов, Еременко және Бекбол алтын медальмен оралды. Темірлан Жиеналиев, Ситимов, Боранбай, Оразбек, Мұхамбетов және Ким жүлдегерлер атанды.
Мамыр айында біз үшін жылдың ең маңызды турнирі – ҚР чемпионаты өтті. Алғашқы алтынды Мәтжан Берікқалиұлы әкелді. Арнұр Әмірханов пен Ким ел чемпионы атанып, өз шеберліктерін тағы да мойындатты. Амир Моор, Мирас Әмірханов, Диана Биімбетовалар жүлдегер болды.
Маусымда шәкірттеріміз Ыстықкөл жағалауындағы «Маяк» жазғы сауықтыру лагерінде демалды. Демалыс қызықты өтті – саяхаттарға шығып, жарыстарға қатысты. Жасы үлкендері – қара белдік иелері – осы лагерьде оқу-жаттығу жиынын өткізіп, кезекті дандарға аттестация тапсырды.
Осы жағдайды пайдалана отырып, қала тұрғындары мен қонақтарын 7-8 қараша күндері «Атырау» ДСК-нде өтетін «Батыс кубогы» турниріне шақырамыз.Жарысқа Ақтөбе, Орал, Ақтау, Қызылорда, Қостанай және Атырау спортшылары қатысады. Олар хенги мен мацогиден 20 жүлде кешенін сарапқа салады. Бүгінде Атырау филиалының секциясында 70-ке жуық бала жаттығу жасайды, олардың барлығы осы турнирге қатысады. Жерлестеріңізге жанкүйерлік етуге келіңіздер. Жарыстар 9-да басталады.
Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА