Өткен аптада біз апатты үйде тұрып жатқан және көмекке мұқтаж доссорлық ЖАҚЫПОВТАР отбасы туралы жазғанбыз («Панасы жоқ, күйі жоқ олар қайтіп күн көрер?»). Әрбір қиыншылықтың артында бір жақсылық бар демекші, жақында екі жергілікті кәсіпкердің арқасында Жақыповтар отбасы баспанаға ие болды.
Аты-жөнін белгісіз күйде қалды-руды жөн көрген кәсіпкерлер 1 млн 600 мың теңгеге Доссордағы көпқабатты үйдің бірінші қабатынан екі бөлмелі пәтер сатып алып берген.
Онымен қоса, Доссор, Құлсары, Атырау, тіпті, Тараз, Шымкент, Астана, Маңғыстаудан келіп, мүлде танымайтын адамдар отбасына төсек көрпе, азық-түлік алып берген және ақшалай көмектескен.
- Біз көмектескен жандарға ризамыз, көп рахмет, - дейді Жақыповтарға туыс болып келетін доссорлық тұрғын Айнагүл ІЗІМОВА. – Бізге қаншама адам көмек қолын созу үшін телефон соғып жатыр, рухани қолдау да білдіруде. Менің апам Манар ІЗІМОВА ауруханадан ем алып шықты. Түскен қаржыға оның үлкен қызы Амангүлдің аяғының бес жылдан бері ауыстырылмаған протезін ауыстырмақпыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА