Атырау, 29 қараша 05:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Бостандық үшін ақы төлейді

4 031 просмотра

Республика қазынасына атыраулық 25 сотталушы түзету мекемесінен мерзімінен бұрын босап шығу үшін 10 миллиондай теңге төледі.

ПЕДОФИЛДЕР МЕН ЛАҢКЕСТЕРДІҢ МАЗАЛАМАУЫН ӨТІНЕМІЗ

Бұл жаңа Қылмыстық кодекстің 73-бабының («Жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту») арқасында мүмкін болды. Баптың 3-тармағында былай делінген: «Жазаның өтелмеген бөлiгiн ауыстыру кезiнде сот бас бостандығынан айырудың төрт күніне бір айлық есептік көрсеткіш есебiмен айыппұлды таңдауы мүмкiн... Айыппұлға ауыстырудың шарты қылмыспен келтірілген залалды толық өтеу болып табылады».

Облыстық прокуратураның ұсталған, қамауға алынған және қылмыстық жаза өтеуші тұлғалардың құқықтарының сақталуын қадағалау басқармасының бастығы Кемел ИМАНҒАЛИЕВ біздің сауалымызға берген жауабында нақтылағандай, бұл норма адамдардың қаза болуына немесе аса ауыр қылмыс жасауға соқтырған лаңкестік немесе экстремистік қылмыс үшін сотталғандарға, сондай-ақ, ҰҚҚ құрамында жасалған қылмыс, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.

Бұдан басқа, осы опцияны пайдалану үшін ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыс үшін сотталғандар мерзімінің төрттен бірінен аз емес уақыт, ал ауыр қылмысы үшін – үштен бірінен аз емес уақыт отыруы тиіс.

Сонымен, жыл басынан бері 25 адам бостандыққа шықты. Олар төлеген нақты сома - 9 миллион 847 мың 426 теңге. Тағы бесеудің істері әзірге сотта қаралуда. Прокуратурадағылар бір кездері олар сотталған негізгі баптарды оқып шықты. Атап айтқанда, әңгіме денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, «нашақорлық», пара алу, қарақшылық, тонау, жалған құжаттар жасау, зорлау, билік өкіліне қатысты күш қолдану секілді баптар туралы болып отыр.

ӘЙЕЛДЕР АҚША ТӨЛЕМЕЙДІ

Прокуратура біздің өтінішіміз бойынша мысал келтірді. Азамат М. 453 мың теңге төлеп, бостандыққа шыққан. Оның қылмыстық ісінің желісі мынадай: бірнеше жыл бұрын ол сыбайластарымен бірге Авангардтағы бөгде пәтерге баса көктеп кіріп, қожайынын өлтіреміз деп қорқытып, оның киімін тартып алған. Зиян 26 мың теңгеге бағаланды. Атырау қалалық сотының үкімімен азамат М. Сол кездегі ҚР ҚК-нің 179-бабының 2-тармағының «а» тармақшасы («Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша қарақшылық жасау») бойынша жалпы режимдегі колонияда 7 жылға бас бостандығынан айырылу жазасын алды.

«Атырау қаласының түзету мекемесінде жазасын өтеп жүрген кезде азамат М. өзін тек жақсы жағынан көрсете білді, жазасын өтеу режимі мен жаза шартын бұзған жоқ, сол үшін бес мәрте мекеме әкімшілігінен көтермелеу алды. Қылмыстық-түзету заңнамасының талаптарына сәйкес, 2015 жылы оған бірінші оң мінез-құлық дәрежесі берілді.

Сотталушы жаза мерзімінің 1/3 бөлігін өтегеннен кейін Атырау қалалық №2 сотының қаулысымен қалған жаза мерзімі 453 мың 878 теңге мөлшеріндегі айыппұлмен ауыстырылды».

Сондай-ақ, кімнің ақшасы бар және формальды белгілері бойынша кімге 73-бап лайықты болса, сол адамның бостандыққа шығатындығы анықталды. Жыл басынан бері соттар жазаны айыппұлға ауыстыру туралы сотталушылардың үш өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартты. Тағы бір қызықты жайт – еркіндікке шыққан 25 адамның барлығы ер адамдар.

Анастасия ПАСТУХОВА

29 қазан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.