27 қазанда құқық қорғаушылар мен «Азаматтық бастама Атырау» қозғалысының мүшелері партиялықтарға өрт сөндіргіш сыйлау үшін «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы ғимаратына келді.
«Демос» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тоғжан ҚИЗАТОВА олардың «Нұр Отан» партиясына өрт сөндіргішті таза символикалық түрде сыйлағылары келгенін, басқарушы партияның өкілдеріне осы қорғаныс құралының қалай пайдаланылатыны туралы, проблемаларды қайғыға жеткізбей (Естеріңізге салсақ, 24 қазан күні Таразда 20 жастағы Ерлан Бектібаев «Нұр Отан» ғимаратының алдында өзін-өзі өртеді), өз уақытында сөндіруді естеріне салғылары келгенін «АЖ»-ға түсіндірді.
Ғимарат фойесіне кіргеннен-ақ осы бес адамнан тұратын шағын топты «Нұр Отан» қызметкерлері қарсы алып, келу мақсаттарын сұрады. Дәліздегі шуды естіп, «Нұр Отан» қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қанат ӘЗМҰХАНОВ шықты. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін қоғам белсенділері оған «сыйлық» деп өрт сөндіргішті тарту етті.
- Рахмет сіздерге, алайда мен сіздердің сыйлықтарыңызды қабылдай алмаймын, - деді ол бірнеше рет, қолын алып қашып. – Біздің мамандандырылған дүкеннен сатып алған екі өрт сөндіргішіміз бар, сіздердің сыйлықтарыңызды қабылдай алмаймын, өйткені ішінде не бар екенін білмеймін... Фойеде неге тұрмыз, ыңғайсыз болар, жүріңіздер, менің кабинетіме барып, дұрыстап сөйлесейік. Ал өрт сөндіргішті бір жерге қалдырыңыздар, кетерде алып кетесіздер.
Кабинетке филиал қызметкерлері барлығы отыру үшін орындықтар әкелді. Келген әйелдердің пальтосы мен күртелерін Қ. Әзмұхановтың өзі шешіп алып, шкафқа ілді. Содан кейін қоғам белсенділерімен бірге үстелге отырды.
- Басқарушы партияның өкілдері ретінде Таразда болған оқиғаға жауапты екендеріңізді білесіздер ме? - деп бастады Т. Қизатова. – Атырауда да жағдай мәз емес, ана жетім бала сияқты құқық қорғау органдарының бассыздығы мен әкімдіктің әрекетсіздігінен қиындық көріп, шешім таба алмай, өзіне қол жұмсауға дайын адамдар бізде де көп...
- Адамдар әкімдік пен Нұр Отанды көбіне бір деп ойлайды, алайда бұл олай емес. Біздің жұмысымыз мониторинг жүргізу және... - деп сөзге араласты Қ. Әзмұханов.
- ...партия мүшелерінің 90%-ы ведомстволарда түрлі басшылық қызметтер атқарады, олар халықтың мұңына құлақ түрсе, әрекетсіз заңдарға түзетулер енгізіп, халыққа қарсы емес, халықтың қамын ойлайтын жаңа заңдар қабылдай алады ғой, - деп сөзін жалғастырды қоғам белсенділері.
- Иә, әлбетте. Алайда мен партиямыздың жұмысының мәнін түсіндіргім келеді...
- ...Сіздер халық арасында «Нұр Отан» партиясын қалай атайтынын білесіздер ме? - деп сөзін бөлді келушілер. – Жемқорлар партиясы!
- Бұлай айтпауларыңызды өтінемін... - деп қызарақтады Әзмұханов, алайда даусын бір қалыпты ұстап, сөзін жалғастырды: - Біздің жұмысымыз – мониторинг жасау, бізге адам шағым айтып келеді, біз солардың арыздарының негізінде...
- Сіздер Таразда дұрыс тергеу жүргізуді талап етулеріңіз керек, өйткені бұл баланың өлімі сіздердің және партиялас әріптестеріңіздің мойнында!
- Түсініңіздер, партия сіздердікі сияқты қоғамдық ұйым...
- Партия мүшелеріңіз түрлі мемлекеттік органдарды басқарып отыр. Олар немен шұғылдануда? Біз көріп отырған жоқпыз!
- Сіздер партияның жұмысы туралы білмейсіздер...
- Сіздер сол баланың өліміне кінәлілерді тауып, жазалауларыңыз керек!
- Құрметті қонақтар! Біз қалай жазалай аламыз? Бұған арналған құқық қорғау органдары бар. Алайда әр адам бізге келіп, шағымдана алады. Біз сол арыз бойынша прокуратураға шығып, тексеру жүргізуге ықпал етеміз, әрі қарай бәрі жағдайға қарай... Сөзімді аяқтайыншы... Жазалау? Біз? Түсінесіздер ме, біз...
- Жетімдерге көңіл аударыңыздар! Қаза болған баланы аямайсыздар ма?
- Әрине, өкінішті, мен де әкемін... Мен сіздерге қазір партияның жұмысы туралы түсіндірейін...
- Сіздер тек Елбасын мақтағаннан басқа ештеңе жасамайсыздар. Қабырғаларыңызға қараңызшы, мұнда сіздер көмектескен бақытты адамдардың суреті емес, Президенттің портреттері.
- Неге ілмеске? Мен бұл адамды жақсы көремін және сыйлаймын...
Тағы бір жиырма минут бойы әңгіме осы қарқында жүріп, сезімдер саябырлаған соң, Тараздағы қайғылы оқиғадан кейін «Нұр Отан» партиясының Атырау филиалы ғимаратында екі өрт сөндіргіш кіре берістің алдына қойылғаны анықталды.
- Иә, біздің арнайы өртке қарсы қабырғамыз бар, алайда өрт сөндіргіштер әзірге осы жерде тұрады, - деді Әзмұханов.
Айта кетсек, осындай «өрт сөндіргіш сыйлау» акциясы Оралда да өтті. «Абырой» қоғамдық ұйымының өкілдері «Нұр Отан» партиясының ғимаратына екі өрт сөндіргіш пен Ерлан Бектібаевтың фотосуреттерін ала келді. Алайда қоғам белсенділері «Нұр Отан» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасарына өрт сөндіргіштерді сыйлай алмады, ол тіпті келушілермен сөйлесуге де шықпады.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор