Сирияда қаза тапқан ресейлік сарбаз Вадим Костенконың сүйегін үйіне жеткізген кезі. Гречаная Балка хуторы, Краснодар аймағы, Ресей. 27 қазан 2015 жыл.Бүгін Ресейдің Краснодар аймағындағы Гречаная Балка хуторында Сирияда қаза тапқан ресейлік сарбаз Вадим Костенконы жерледі.
Мырыш табытқа салынған оның денесі сейсенбі күні жүк автокөлігімен жеткізілген. Марқұммен қоштасуға хутордың барлық тұрғындары жиналды деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі.
19 жастағы Вадим Костенконың Сирияда қаза тапқаны туралы хабарды ең алғаш болып ресейлік Conflict Intelligence Team (CIT) тобының блогерлері хабарлаған. Әлеуметтік желілерде жарияланған деректерді зерттеген блогерлер Костенконың қазанның 24-і күні қаза тапқанын анықтаған. Куәгерлердің айтуынша, дәл сол күні сириялық оппозиция күштері Сириядағы ресейлік Хмеймим базасын шабуылдауға әрекет жасаған. Бірақ, зерттеу жүргізген блогерлер Костенконың қандай жағдайда қаза болғанын тап басып айта алмайды.
Сириядағы ресейлік әскери базада қызмет атқарған сарбаздың қазасы туралы кейін Ресей қорғаныс министрлігі де растаған. Министрлік әскери қызметкер Вадим Костенко «қызымен реніштен соң өзіне-өзі қол жұмсаған» деп хабарлаған. Reuters агенттігі марқұмның ата-анасы ұлдары өзіне-өзі қол салған дегенге сенбейтінін хабарлады. Ресей қорғаныс министрлігі қайғылы оқиғаның жай-жапсарын толық тексеруге уәде берген.
Дереккөз: azattyq.org