Бір жыл бұрын Дамбыдағы Ф. Оңғарсынова атындағы орта мектепте джиу-джитсу секциясы ашылды. Біз джиу-джитсудан 2011 жылғы ҚР чемпионы, жаттықтырушы Мерей КАШТЕНБАЙМЕН (суретте) әңгімелестік.
- Мерей, өзіңіздің спорттық отбасыңыз туралы айтыңызшы.
- Менің әкем Тілек Ақдосов – еркін күрестен Қазақ ССР чемпионатының күміс жүлдегері. Ағам Азамат Каштенбай – полиция қызметкері, жекпе-жектен ҚР чемпионатының күміс жүлдегері. Мен 6-сыныптан бастап Привокзальныйдағы 1-БЖСМ-де еркін күреспен айналыстым. Кейіннен ағам джиу-джитсу тобына ауысуыма кеңес берді.
- Шәкірттеріңіздің жетістіктері туралы айтыңызшы.
- Қызыл балық ауылындағы мектепте джиу-джитсу секциясы өткен жылдың наурызында ашылды. Спорт залын берген мектеп директоры Рамазан Құлмажитұлы Ензалиевке алғыс айтқым келеді. Басында секцияда 20 бала шұғылданды, қазір үш есе көбейді. Ер балалармен бірге бес қыз жаттығу жасайды.
Қыркүйекте 1-БЖСМ-де (Геолог) өткен джиу-джитсудан облыс чемпионатында Ерлан Қабдолов, Эльдар Хамит, Нұрислам Қуанышбеков, Исабек Париденов және Нұртай Жұмабаев жеңімпаз атанып, келесі жылы Астанада өтетін ел чемпионатында облыс намысын қорғау құқығын жеңіп алды.
Менің шәкірттерім жекпе-жектің басқа түрлерінен де жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Сәуір айында «Мұнайшы» спорт кешенінде қоян-қолтық ұрыстан облыс чемпионаты өтті, мұнда өз салмақ дәрежелерінде Е.Қабдолов, Райымбек Тәйтауов, Нұркелді Бұхарбаев, Бейбарыс Оразбеков, Нұрхат Асан және Әли Өтеген топ жарды.
Мамыр айында қоян-қолтық ұрыс салудан Жылыой ауданының ашық чемпионатында Бұхарбаев, Хамит, Жұмабаев, Қабдолов, Нұрхан Серіков және Қуанышбеков чемпион атанды. Яғни, біздің командамыз командалық есепте үнемі бірінші орын алады.
Сонымен қатар, наурыз айында Орал қаласында өткен 1999-2000 және 2001-02 ж.т. жасөспірімдер арасында панкратионнан ҚР чемпионатында Оразбеков пен Қабдолов алтын медаль алды.
- Сен балалардың мектептегі оқуына бақылау жасайсың ба?
- Секция мектепте болғандықтан, біз бәрінің көз алдындамыз. Балалардың сабаққа келуін өзім тексеріп, педагогтар және мектеп директорымен байланысып тұрамын. Балалар спорт пен оқуды қатар алып жүру үшін ата-аналармен де сөйлесіп отырамын.
- Спорт залды жарақтауға кім көмектеседі?
- Спорт залымыз жақсы, биыл күрделі жөндеу өтті. Татамиды бізге облыстық джиу-джитсу федерациясының директоры Айбар Есенғалиев берді. Ауылымызда ДСК салынып жатқанына да қуаныштымыз. Өйткені, спортпен дұрыс шұғылдану үшін душ кабиналары керек. Сонымен қатар, мектепте біз татамиды үнемі төсеп, кері жинап алуымыз қажет. Егер ДСК-нде бізге күрес залын берсе, керемет болар еді.
Бұрын балалар тек көшеде бос жүгіретін еді, қазір спортқа тартылып жатыр. Ересектер арасында да жаттыққысы келетіндер бар. Өйткені, біз үнемі ауылда өнерімізді көрсетіп, ұлттық күрес жарыстарына қатысып тұрамыз.
Облыстық джиу-джитсу федерациясының президенті Дәурен Үшбаевқа, Дамбы тұрғындары Бағытжан Досанов, Серік Идрисов, Жоламан Жарасов, Еламан Қуанышбеков, Сырдыбай Мағауин сынды жігіттерге балаларды жарысқа алып бару үшін материалдық көмек бергендері үшін алғыс айтқым келеді.
Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ