Күрес
Талдықорғанда Социалистік Еңбек Ері Злиха Тамшыбаеваны еске алуға арналған халықаралық турнир өтті.
Жарысқа Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан елдерінен 200-ден аса палуан қатысты. Турнирдің мәртебесі бойынша жеңімпазға ҚР спорт шебері атағы бірден берілді. Атырау облысының намысын жоғары спорттық шеберлік мектебінің шәкірті Қанат БАСПАЕВ (суретте) қорғады. Ол 57 келіге дейін салмақта бес белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Ол ақтық айқаста Бүкіләлемдік Универсиаданың күміс жүлдегері шымкенттік Бердак ПЫРЫМБАЕВТЫ жеңді. Су жаңа спорт шеберін облыстың аға жаттықтырушысы Асылан ЖАМАНБАЕВ жаттықтырады.
Таэквондо
Астанада балалар мен кадеттер арасында таэквондодан «Корей республикасы елшісінің кубогы» республикалық турнирі өтті.
Турнирге 400-ге жуық жас спортшы қатысты. Атырау облысы намысын 1-БЖСМ шәкірттері қорғады. Эльдар Жолдасбаев (20 келіге дейін), Мақсат Ержан (24 келіге дейін), Артур Серік (26 келіге дейін) Арайлым Асқарова (26 келіге дейін) «алтын» алса, Асылхан Бақтығали (20 келіге дейін) «күміс», Мариям Кударова (26 келіге дейін) және Динара Меңдағалиева (30 келіге дейін) «қола» иеленді. Командалық есепте құрамамыз Алматы облысынан кейін 2-орын алды. Жаттықтырушылар қаржылық көмек көрсеткені үшін спортшылардың ата-аналарына алғыс айтады. Команданы Сәуле Сардарова мен Орынбасар Бершиев дайындады.
Суретті түсірген С.Сардарова
Панкратион
Анталияда панкратионнан әлем чемпионаты өтті.
Турнирде 57 келіге дейінгі салмақта атыраулық спортшы, «Жылыой» спорт клубының директоры Талғат ЖҰМАҒАЛИЕВ алтын медаль алды. Тағы бір атыраулық спортшы Әбілхайыр ДҮЙСАЛИЕВ күміс иеленді. Екеуі де облыстық джиу-джитсу федерациясының шәкірттері. Ақпаратты федерация директоры Айбар Есенғалиев ұсынды.
Волейбол
Павлодар мен Петропавлда волейболдан Ұлттық лиганың ерлер командалары арасындағы ҚР чемпионатының 1-туры өтті.
«Атырау» командасы «А» тобында ойнап, матчтар Петропавлда өтті. «Динамо-Қазығұрт» командасымен ойнаған алғашқы ойында жерлестеріміз 3:2 есебімен ұтып, 2 ұпай алды. Содан кейін «ТНК Казхром» мен «Есіл» командаларын 3:0 есебімен жеңіп, әр жеңісіне 3 ұпай иеленді. Партиялар қорытындысы бойынша 3:2 есебімен ұтса, 2 ұпай, 3:0 немесе 3:1 есебі тіркелсе, 3 ұпай беріледі.
1-турдан кейін «Атырауда» - 8 ұпай бар. Павлодарда өткен «Б» тобы ойындарында бірінші орынды 6 ұпаймен (3:1, 3:2, 2:3) алаң иелері иеленді.
«Мұнайшы» спорт кешенінде волейболдан мұнай өңдеу зауытының 70 жылдығына арналған «АМӨЗ кубогы» облыстық турнирі өтті.
Жарысқа «Атырау Жарық», «АМӨЗ», «Ардагерлер», «NCОC», «ТШО», «Волейбол академиясы» командалары қатысты. Бас жүлде алаң иелеріне бұйырса, «NCОC» 2-орын, «Волейбол академиясы» 3-орын алды. Үздік ойыншылар: байланыстырушы – Ернар Матеуов («NCОC»), шабуылшы – Халидолла Қабиров («Академия»), қорғаушы – Қайрат Зупыбек («Ардагерлер»).
Дзюдо
Бангкокта өткен жастар арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында атыраулық спортшы Қанат Сейілхан (суретте оң жақта екінші) 55 келіге дейінгі салмақта қола жүлде алды.
Командалық есепте ұлттық құрама 3-орын алды (1 күміс және 8 қола медаль). Қ. Сейілхан 1-ОРМБЖСМ-де (Авангард) Қуаныш Сүлейменовтен дәріс алады.
Жекпе-жек
«Мұнайшы» спорт кешенінде «Динамо» спорт қоғамының 90 жылдығына арналған құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында қоян-қолтық ұрыстан облыс чемпионаты өтті.
Жарысқа 45 спортшы қатысты. Өз салмақ дәрежелерінде Алтынбек Саменов («Күзет»), Айбек Насимов (ҚІІБ), Нұрсұлтан Манашев («Күзет»), Азамат Каштенбай («Күзет»), Асылбек Сакиев (ІІД), Темірғали Өтемісов («Күзет»), Санат Нағимов («Арлан»), Данияр Аманқұлов (ІІД) және Ақылбек Құсанғалиев («Арлан») жеңімпаз атанды. Командалық есепте «Күзет» полициялық күзет басқармасы 1-орын алды, ІІД 2-орында, ҚІІБ 3-орында.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ