Мақат ауданы Доссор поселкесінде өлместің күйін кешіп отырған ЖАҚЫПОВТАР отбасы ашық аспан астында өмір сүріп жатыр десе де болады. 50-ші жылдары саман тастан тұрғызылған үйдің қабырғалары жаңбыр жауған сайын үгітіліп, терезесі үңірейген бөлмеде жел гулеп тұр.
2006 жылы қатты нөсерде үйді су басты, жыл өткен сайын оның тоз-тозы шыға берді. Үйді бұзып, кері салуға отбасының халі жетпеді. Сол жылы жергілікті билік Жақыповтар отбасына 30 мың теңге ақшалай және азық-түлікпен көмектескен. Кейін төрт адамнан тұратын отбасы, оның үшеуі мүгедек, баспана алу кезегіне тұрады.
47 жастағы отанасы Манар ІЗІМОВАНЫҢ (суретте) және оның екі қызы – 22 жастағы Амангүл мен 11 жастағы Мархабаттың денсаулығында кінәрат бар. Отбасының жалғыз асыраушысы - 23 жастағы Манардың ұлы Нұрлыбек. Ол тұрақты жұмысқа жақында ғана орналасқан.
Екі ай бұрын Манар сырқатынан тіптен төсек тартып жатып қалды. Ол сөйлей алмайды. Амангүл ІІІ топ мүгедегі, 5 жасында көпқабатты үйден құлап, оң жақ аяғының тізесінен төменгі бөлігін кесіп тастауға тура келді. Қазір ол протезбен жүреді. Мархабат туабітті мүгедек, мылқау.
- Бұл Манардың әке-шешесінен қалған үй, - дейді туысы Айнагүл ІЗІМОВА. – Біз туысқандармен бірлесіп, құдық қазып беруге көмектестік. Биыл газды пешке қоса алмадық, себебі, горелкасы жарамсыз болып қалды. Сол себепті олар жылусыз қалып отыр. Ал бұл үй жөндеуге келмейді, оны тек күреп тастау ғана қалып тұр. Жаңа баспана тұрғызып беруге туыстарының әлі келмей отыр. Онсыз да өзімізден артылғанын осында тасимыз.
Айнагүл өзінің апасына барынша көмектесуге тырысып жүр. Бұл отбасына баспана беру жөніндегі өтінішімен біраз жердің табалдырығын тоздырып үлгерді.
- Маған әкімдікте баспананы апатты деп тану туралы құжаттар керек екенін айтты. Бұл құжатты алу үшін мен Атырауға бардым. Құжат 49 мың теңге тұрады, бірақ маған аздап жеңілдік жасады. Айқайлап жүріп Манар апаны Мақат аудандық ауруханасына жатқызуға мүмкіндік алдым. Оның қашанға дейін емделетінін білмеймін, бірақ оның мүгедектігін ресімдеу қажет. Оларға баспана керек, әйтпесе, жағдай қиын, - дейді А.Ізімова.
Біз Мақат ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық МҮСЕПОВТЕН жағдайға түсінік беруін сұрадық:
- Бізге бұл отбасының жағдайы түсінікті, біз оларға көмектесуге тырысамыз. Манар Ізімова баспана алу кезегінде 126-шы болып тұр. Алайда, бұл жағдайда уақытты созбай шара қабылдау керек. Осыған байланысты Жақыповтар отбасының жағдайы мен үйдің жағдайын зерделейтін жұмыс комиссиясы құрылды. Олар далада қалмайды, - деп уәде берді әкім орынбасары.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА