Түркияның туризм саласы биыл 10 миллиард АҚШ долларынан айырылып, соңғы 25 жылдағы ең төменгі көрсеткішке жетті.
Бұл туралы Түркия қонақүйлері қауымдастығының төрағасы Осман Айык мәлімдейді. Оның есебі бойынша туризмдегі тоқыраудың алғашқы белгілері былтыр қыркүйек айының ортасында-ақ байқала бастаған. Оған Ресей мен Украина арасындағы дағдарыс пен Батыс елдерінің экономикалық санкциялары айтарлықтай әсер етіпті. Өйткені биыл түрік еліне Ресей мен ТМД елдерінен саяхаттап келетін туристердің саны 25%-ға төмендеген.
Есесіне Анадолыға аяқ басқан еуропалықтардың үлесі 9%-ға өсіп отыр. Осы елдің Мәдениет және туризм министрлігінің таратқан мәліметіне сүйенсек, былтыр Түркияға 42 миллион турист келіпті. Шетелдіктердің дені - Ыстамбұл, Анталья мен Мула қалаларына ат басын бұрған. Соның арқасында былтыр туризмнен түскен табыс мөлшері 32,3 млрд АҚШ долларына жеткен. Рамазан Солак, экономикалық сарапшы: - Түркия экономикасына туризм саласының қосар үлесі бір төбе. Әлбетте, бұл саладан түсетін табысты ұлғайтуға болады. Мысалы, елімізге келетін әр турист орташа есеппен 700 доллар қаржы жұмсайды.
Егер біз қызмет түрлері мен сапасын арттыра білсек, бұл сома еселенер еді. Ал биыл туристердің күрт азаюын қауіпсіздік мәселесімен сабақтастыруға болады. Таяу Шығыстағы тынышсыз жағдай мен әлемдегі экономикалық дағдарыс туризмнің біздегі қарқынды айтарлықтай тежеді. Оның үстіне 7маусымдағы парламент сайлауынан кейін ел ішінде лаңкестік оқиғалардың жиілей түсуі ел иммиджіне жағымсыз әсер етіп отыр. Енді бұл саланың келешегі 1қарашада құрылатын үкіметке тікелей байланысты болмақ.
Дереккөз/фото: 24.kz