АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлем бойынша дәулеті жағынан екінші адам саналатын мексикалық миллиардер Карлос Слим аптасына үш-ақ күн жұмыс істеу турасында ұсыныс білдірді. Оның айтуынша, мұндай шара жұмыссыздық мәселесін шешуге көп көмектеседі.
Десе де, ол осымен қатар зейнетке шығу жасын 75-ке дейін көтеруді де ұмыт қалдырмады. Миллиардердің сөзіне қарағанда, адамдар аптасына жалпы алғанда 32-33 сағат жұмыс істеген жағдайда бұл өз кезегінде екі қолға бір күрек таппай жүргендерді жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ол зейнетке шығу жасы ұзартылатын болса, бұл өз кезегінде тәжірибе жинауға көп көмектесетінін де тілге тиек етті. Испанияның Аликанте қаласында осы ұсынысын ортаға тастаған миллиардер осылайша адамдарға аптасына үш күн жұмыс істету арқылы жұмыссыздық мәселесін (яғни, аптаның қалған күндерінде жұмыссыз жүргендердің еңбегімен толтыру арқылы) шешуге болатынын жеткізді. Ол бұл ұсынысын Испанияда бекер айтқан жоқ. Өйткені, Испания Еуродаққа мүше елдер ішінде жұмыссыздық қатты белең алған елдердің көш басында тұр. Нақтырақ айтқанда, бұл елдегі жұмыссыздықтың зарын тартып жүргендердің қарасы шамамен 23 пайызды құрайды. Ал жастар арасында жұмыссыздық 40 пайыздан асып кеткен.
Айта кетейік, осынау ұсынысты білдірген Карлос Слимнің дәулеті әлемдегі байлардың жиған-тергенін шотқа салып, есептеп отыратын Forbes журналының мәліметінше, 77 млрд. долларды құрайды екен. Оның активтері телекоммуникация, құрылыс саласында және цемент өндірісінде, деп жазады islam.kz.
Дереккөз/фото: inform.kz