Атырау, 20 желтоқсан 23:55
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

Пресс-атташе Дэвид ГЭМБЛ: «Мықты ҮЕҰ болмаса, үздік отыздыққа кіру жоқ»

4 799 просмотра

14 қазанда Атырауға бір күндік іссапармен Қазақстандағы АҚШ елшілігінің бірінші хатшысы, пресс-аташе Дэвид ГЭМБЛ келді. Біздің кездесуіміз Қазақстандағы АҚШ елшілігінің бастамасы бойынша мүмкін болды.

Дэвид Гэмбл Қазақстанда екінші жыл қатарынан жұмыс жасайды және қазақ тілінде мүдірмей амандаса алады. Алайда, өзі мойындағандай, оның 4 жасар ұлы қазақша жақсы сөйлейді екен, өйткені ол балабақшаның қазақ тобына барады. Мәскеуде жасаған үш жыл ішінде орыс тілін де жақсы үйренген (дегенмен, мен «АЖ»-дың штаттық аудармашысы Зинат Орынбасарованың көмегін пайдаландым).

«АМЕРИКАН БҰРЫШЫ» ЖӘНЕ ҰШАТЫН СИЫРЛАР

- Атырауға қандай мақсатпен келдіңіз?

- Мен осы жердегі «американ бұрышының» қалай жұмыс жасайтынын көруге келдім. Ол кітапханада орналасқан (Сланов атындағы – автордың еск.), бұл кездесулер мен әңгімелесулерге арналған орын. Бұл жерде сіз АҚШ жоғары оқу орындарына түсу тестілеріне дайындалып, өз бетіңізше американдық кітаптар мен ойындарды қолдана отырып, әңгімелесу клубына қатысып, Атырауға келген американдық дипломаттармен кездесу арқылы ағылшын тілін білу деңгейіңізді жетілдіре аласыз.

- Бұл студенттер мен оқушыларға, сондай-ақ ағылшын тілін үйренгісі келетіндерге пайдалы ақпарат деп ойлаймын. Қазір Атырау облысында қанша американдық компания жұмыс жасайды?

- Қазақстанда барлығы 200-ден аса компания жұмыс жасайды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін американдық компаниялар ел экономикасына 100 млрд долларға жуық сомаға салым салды. Қазір олар тек мұнай өндіруші салада ғана жұмыс жасамайды, олар құрылыспен де айналысады, мысалы, Ақмола облысындағы локомотив өндірісі сияқты озық жобаларға қатысады. Естеріңізде ме, ұшатын сиырлар туралы аңыз да шыққан: өткен жылы жергілікті мал тұқымын жақсарту үшін 2000 сиырды осында ұшақпен алып келдік. Ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, минералдық ресурстар – үлкен мән беріп отырған салаларымыз. Кәсіпкерлікті дамытуға жақсы мүмкіндік бар жерлермен американдық инвесторлар ынтымақтасуға әзір.

- Атырау облысына 2015 жылы салынған американдық инвестицияның көлемі қандай?

- Нақты білмеймін, алайда өткен жылы инвестицияның 70%-ы мұнай секторына салынды.

- Қазақстан мұнай химиясы саласында күрделі жоба жүзеге асырмақшы, яғни, Атырауда үлкен кешен салмақшы. Американдықтар осы жобаға қатыса ма, нақты жоспарлар бар ма?

- Қызығушылық танытып жатқандарын білемін, алайда нақты жоспарлар жөнінде естімедім. Қазақстан үшін бұл, әрине, өз экономикасын әртараптандыруға бағытталған маңызды жоба, пластиктен су сабынға дейін дайын өнім өндіруге болады.

«БІЗ ДЕ МҰНАЙДЫҢ ҚЫМБАТТАҒАНЫН ҚАЛАЙМЫЗ»

- Мұнай бағасының жақын әзірдегі бағасы бойынша сарапшыларыңыздың болжамдары қандай?

- Бірде-бір сарапшы баға күрт көтеріледі деп болжам жасамайды. Сондықтан да көптеген компаниялар төмен бағаға негіздеп, өз жоспарларын кері қарап жатыр. Сондай-ақ, Қытай сияқты үлкен елдердің экономикасындағы жағдайдарды есепке алу керек. Сұраныс төмендеп жатыр, ал өндірілетін мұнайдың мөлшері сол күйінде қалуда, сондықтан да бағаның төмендеуге қарай қысымы әлі ұзақ сақталады. Америка да мұнай өндіреді, біз де бағаның көтерілуіне мүдделіміз, алайда біз келесі жылы немесе алдағы екі жылда баға өседі деп ойламаймыз.

«БОЛАШАҚ» ПЕН «ЖЕМҚОРЛЫҚ» ТУРАЛЫ

- Қазақстандағы ахуалды қалай бағалайсыз, бүгінде ол инвестиция үшін қаншалықты қолайлы?

- Көптеген американдық компаниялар, сондай-ақ Еуропалық одақ елдері де инвестиция салғылары келеді, өйткені Қазақстан - ЕО-ның ірі сауда әріптесі. Америка сауда қатынастарын арттырғысы келеді, алайда егемендік алған кездеріңізден бері американдық компаниялар ең ірі инвесторларыңыз екенін ұмытпау керек. Дегенмен, жоғарыда айтып кеткенімдей, мұнай және газ секторынан өзге де салаларға инвестиция салғымыз келеді. Біз инвестиция туралы айтқанда, білім беруді де ұмытпағанымыз абзал. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары өте дана шешім қабылдап, жастардың шетелде білім алуына септігін тигізген «Болашақ» бағдарламасын іске қосты. Сол кезде елде көп қаржы болған жоқ, тәуекел де болды. Алайда, қазір, 25 жыл өткеннен кейін болашақтықтардың мемлекеттік лауазымдарға отырғанын көріп отырмыз, мысалы, Алматының әкімі, Астанада да үкіметте болашақтықтар көп. Қазіргі уақыт туралы айтсақ, Қазақстанда өте талантты да білімді жұмыс күші бар, бұл өз инфрақұрылымын жақсартумен айналысып жатқан ел, мысалы, «Нұрлы жол» жобасын қараңыз. Үкімет жемқорлықты жою үшін көп нәрселер жасап жатыр, виза режимін ырықтандырды. Мұның барлығы инвестицияны ынталандыру үшін өте маңызды. Сондықтан да, егер Қазақстан осы бағытта күш сала жұмыс істесе, бизнесті дамытуға мүмкіндіктер жасаса, әрине, инвестиция келеді. Алайда жемқорлықпен күрес өте қиын іс. Америкада да жемқорлықпен күресеміз...

- Алайда біздегі ауқыммен салыстыруға келмейтін шығар?

- Бұл қай кезеңді қарайтынымызға байланысты, егер Американың тәуелсіздік алған жылдарын алсақ, шамамен осындай мөлшерде болды. Ең бастысы, жемқорлықпен күресу керек деген түсінік бар. Қазақстан билігі жемқорлыққа төзбейміз деп ашық айтып отыр. Сондықтан да біз де, инвесторлар да осы бағытта ілгерілеушілікті көріп отыр.

«РЕСЕЙ СИРИЯДАҒЫ ДАҒДАРЫСТЫ УШЫҚТЫРДЫ»

- Ресейдің Сириядағы іс-әрекеттеріне, атап айтсақ, РФ-ның Каспий флотилиясынан жіберілген ракета соққыларына пікірлеріңіз қалай?

- Американдықтар «Ислам мемлекеті» содырлары орналасқан аумақты бомбалағанын білесіздер. Американдық әскери ұшақтар ұшқанда олар ахуалды біліп отырулары керек. Алайда Каспий флотилиясы корабльдері ракета жібергенде, бұл, әрине, американдық және Даишпен күресу коалициясына қосылған басқа да елдердің ұшқыштары үшін өте қауіпті.

- Бұл атулар Ресей – АҚШ қарым-қатынасына сызат түсірді ме?

- Егер Ресейдің Сириядағы әрекеттері туралы айтсақ, бұлар ахуалды ушықтыруда. Өйткені ресейлік авиация жойған нысаналардың көпшілігі ИМ-нің нысандары емес. Егер бұл әрекеттер экстремист емес мұсылмандарға зиянын тигізетін болса, олар ИМ жағына шығып, содырлардың қатарын көбейтеді деген қауіп бар. Терроризмге қарсы коалицияға 54 ел қатысуда, олардың Даишпен күресу жөніндегі жоспарлары бар. Ресейдің әрекеттері осы 54 елмен үйлестірілмеген. Сондықтан да, егер ресейлік ракеталар қарапайым мұсылмандарға тиесілі нысандарға тисе, зардаптарын ешкім болжай алмайды.

- Ресейдегі президент Путинге қарсы оппозияциялық күштер Сириядағы РФ авиациясы мен флотының әрекеттерін кеңес армиясының Ауғанстанға кіруімен салыстырып, зардаптарын айтуда...

- Мен мұндай салыстыру жасауға дайын емеспін, әрине, жағдай қиын, оны шешу керек.

- ИМ нысандарына жіберілген ракеталар Каспий акваториясында, яғни Қашаған мен Теңізге жақын жерден жіберілді. Бұл осы өңірдегі АҚШ мүдделеріне әсер ете ме? Кен орындарында қосымша қауіпсіздік шаралары қабылдана ма?

- Бұл кен орындары Қазақстанға да тиесілі. Қазақстан, әрине, белгілі бір қауіпсіздік шараларын қабылдайтын шығар, алайда АҚШ бұған қатыса алмайды. Тек ахуалға мұқият назар аударып отырмыз.

- Нидерланды Қауіпсіздік кеңесінің Боинг жолаушылар ұшағының Украина үстінде апатқа ұшырауын зерттеу нәтижелеріне түсінік бере аласыз ба?

- Бұл көптен күткен есеп болды, қаза болғандардың отбасылары біраз ақпараттарды білді. Құрама Штаттар тергеумен айналысқан топтың мүшесі болған жоқ, алайда Чикаго конвенциясының мүшесі ретінде Нидерланды Қауіпсіздік кеңесі есебінің көшірмесін алды. Бұл есепте ұшақты жарған ракета жерден жіберілгені анықталды. Әрине, есепте бұған кім жауапты екені айтылмайды. Алайда нидерландтық есеп жүргізілген екі тергеудің бірі, екіншісі – қатар жүргізіліп жатырған қылмыстық тергеу (бұл тергеу ракетаның жіберілуіне жауапты тарапты анықтауы қажет – автор), ол бойынша әзірге материалдар жоқ. Ракета заңсыз жасақтар орналасқан аумақтан жіберілген деген АҚШ-тың ұстанымын мемлекеттік хатшы Джон Керри бұрын айтқан болатын. Қаза болғандардың отбасы оқиғаның шынайы ақпараттарына ие болуы керек, біз мұндай қайғылы жағдай енді қайталанбауы үшін барлық шараларды қабылдайтын боламыз.

«АҚШ ҮЕҰ-НЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫ АЗАЙТАДЫ»

- АҚШ тарапынан қазақстандық үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру қандай көлемде?

- Бұл салаға қандай көлемде мемлекеттік инвестиция салынып жатқанын білмеймін, алайда қазір осы соманы өзгерту бойынша жоба дайындалып жатқанын білемін. Біз жыл сайын үкіметке кімді қаржыландырып жатқанымыз туралы есеп береміз. Алайда біздің мақсатымыз – елдеріңіз өз ҮЕҰ-ларын өздері қолдауына қол жеткізу. Айтпақшы, Қазақстан қазір ЮСАИД бойынша өз нұсқасын дайындап жатыр, мысалы, Ауғанстан ҮЕҰ-ларын қолдайды, ауған студенттерін оқытады, сондай-ақ өз өңірінде көшбасшылық орынға шығар. Көршілеріне көмек беруге тырысуда. Біз Қазақстан үкіметімен тығыз жұмыс жасаймыз, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыстағы іс-тәжірибелерімізбен бөлісеміз.

- Бұл қаржылар қандай мақсаттарға жұмсалады? Қоғам белсенділері ҮЕҰ-ларға американдықтар ақша төлейді және, сәйкесінше, бағыт-бағдар беріп отырады деп қауіптене қарайды. Бұл туралы естіген боларсыз?

- Иә, әрине. Біз ана және балалық, балаларды дәрумендермен қамтамасыз ететін үкіметтік емес ұйымдарға, туберкулезбен күресетін ҮЕҰ-ларға, ауыз судың жаңа көздерін қалай табумен айналысатын экологиялық ұйымдарға қолдау көрсетеміз. Өткен аптада, мысалы, біз журналистік қызметке қолдау көрсету үшін ҮЕҰ-ға қаржы бөлдік. Біз БҰҰ-ның Қазақстандағы жұмыстарына жетекшілік етеміз, студенттерді тартып, рольдік ойындар өткіземіз, олар әр ел атынан шығады. Биыл БҰҰ бас хатшысының орынбасары біздің рольдік ойындарымызға келіп, Біріккен Ұлттар Ұйымы қалай жұмыс жасайтынын студенттерге көрсетті. Дәрігерлерді оқытамыз, ВИЧ-тің алдын алумен жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдар бар. ҮЕҰ-лар неге керек? Өзгерістер енгізу үшін қажет. Егер сіз сәбиер өлімін азайтумен айналысатын, ауру балалардың тууына жол бермеуге, компаниялардың ауа мен ауыз суды бүлдіруге жол бермеу үшін бәрін жасайтын ҮЕҰ-ны қолдайтын болсаңыз, сіз Қазақстанның әлемде лайықты орнын табу үшін мол үлес қосасыз. Әр ҮЕҰ-дан сіз өте оптимист, Қазақстанның мықты ел болуы жолында риясыз жұмыс жасап жүрген адамдарды кездестіруге болады. Назарбаев Қазақстанды әлемнің 30 үздік елі қатарына енгізуді мақсат етіп қойды, алайда осы отыз елде ҮЕҰ-дар өте көп. Шетелдік алпауыт елдер ҮЕҰ-лар құрмайды, олар осы жерде, Қазақстанда құрылған және Қазақстанда өмірді жақсартқысы келетін адамдар құрған. Оларға, жоғарыда айтып кеткенімдей, АҚШ тарапынан да, Қазақстан тарапын да қолдау керек. Алайда қазір АҚШ тарапынан бөлінетін қаржы азайтылуда, өйткені Қазақстан күш жинап, өз жұмысын өзі жүргізетін хәлге жетті.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суртетті түсірген атвор

19 қазан 2015, 10:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.