Бішкек маңындағы "Дордой" ауданында Шу облысындағы №50 түрмеден қашып кеткен тұтқындардың бірі Азамат Мусуралиев табылып, көзі жойылды деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз редакциясы.
Құқық қорғау органдарындағы дереккөздің Азаттыққа айтуынша, жасырынып жүрген тұтқынның көзін милиция жойған.
12 қазанға қараған түні Шу облысының Төмөнгу Нооруз ауылындағы №50 түрмеден 9 адам қашып кеткен. Тұтқындарды тоқтату кезінде түрменің үш қызметкері қаза тауып, біреуі ауыр жараланған. Кейін іздеу кезінде бес тұтқын ұсталып, төртеуі қашып кеткен. Түрме қарауылы оғынан жараланған бір тұтқын ауруханаға жатқызылған.
Қырғызстан билігі қашқандардың кейбірі тыйым салынған экстремистік "Жайшуль Махди" деп аталатын ұйымға қатысы бар дейді.
Бұдан соң Қырғызстан шекарада бақылауды күшейтіп, қашқандарды ұстауға "Қолға түсіру" операциясын бастаған. Бұл операция Қазақстанның Қырғызстанмен шектес Жамбыл облысы аумағында да енгізілген.
14 қазанда Қырғызстан ішкі істер министрлігі қашқандар ел аумағында жүр деп хабарлаған.
Дереккөз: azattyq.org