Атырау, 5 мамыр 09:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Болат Әбуғалиев: «Жұмыскерде күресті жақсы көреді»

2 625 просмотра

Image 1№1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар және жасөспірімдер мектебінің грек-рим күресі секциясы шәкірттерінің жетістіктері туралы мектептің аға жаттықтырушысы Болат ӘБУТАЛИЕВ (суретте) әңгімелеп берді.

- Болат, сіздің спортшылар отбасынан шыққаныңызды білеміз, өзіңіз туралы айтыңызшы.

- Спортқа, салауатты өмір салтына деген құштарлықты әкеміз, жас кезінде еркін күрестен Қазақ ССР чемпионатының жүлдегері болған Қадыржан Төлеуішұлы Әбуталиев бойымызға сіңірді. Күрес секциясын алғаш әкелген де сол кісі. Анамыз Оңайша шахмат ойнайды, ол бірнеше дүркін облыс чемпионы. Ағам Мұрат – армрестлингтен Азияның екі дүркін чемпионы. Биыл ол Стамбулда өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. Інім Талғат та армрестлер, ел чемпионатының жүлдегері. Үйде ешкім қол қусырып қарап отырмайды. Балалар турникке ілініп тұрса, ересектер зілтемір көтереді.

Мен Қазақ ұлттық техникалық университетін бітірдім, мұнайшы болғым келді. Алайда кейін бұл райымнан қайтып, балалармен жұмыс жасауды жөн көрдім.

- Шәкірттеріңіз қандай биіктіктерді бағындырды?

- Осы жылдың басында 1-ОРМБЖСМ командасы Орал қаласында өткен 2002-04 ж.т. ер балалар арасында Нұрмахан Жаназовты еске алуға арналған турнирге қатысып, Абылай Қапен қола жүлдегер атанды. Алматыда кадеттер арасында өткен әлем және Азия ойындарының чемпионы Бахтияр Байсейітовтың жүлдесіне арналған турнирде (ҚР бейресми чемпионаты болып та есептеледі) Темірлан Еспенбет (суретте) өзін жақсы көрсете білді.

Темірлан күреспен үш жылдан бері шұғылданады. Алғашқы жаттықтырушысы – Рашид Мусин. Өткен жылдың желтоқсанында ол ҚР чемпионатының жүлдегері атанды. Оңтүстік астанада өткен турнирдің финалында Шымкент өкіліне есе жіберіп, «күміс» иеленді. Белдесу барысында ол 4:0 есебімен ұтып жатқан, алайда рефери бірнеше ескерту беріп, күрес соңында есеп қарсыласының пайдасына шешілді – 4:5.

Мен бір жылдан бері сол Р. Мусиннің тағы бір шәкірті Мирас Рахметоллаевты жаттықтырып жүрмін. Алматыда өткен олимпиада чемпионы Шамиль Серіковті еске алуға арналған жастар арасындағы турнирде «күміс» жүлде алып, елдің жастар құрамасына алынды. Содан кейін ол Қазақстан, Ресей және Белоруссия құрамалары арасында өткен командалық турнирге қатысып, қола жүлдегер атанды. Венада өткен мықтылар турнирінде де «қола» алды.

Биыл Мирас Шымкентте өткен олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жүлдесіне арналған турнирге қатысып, содан кейін Азия чемпионатына баруы керек еді. Өкінішке орай, осы турнирдің үшінші турында ауыр жарақат алды. Азия чемпионаты туралы уақытша ұмытуға тура келді. Қазір жарақаты жазылды. Қарашада облыс құрамасының жаттықтырушылар штабы оны Ш. Серіковті еске алуға арналған кезекті турнирге қоспақшы. Ол, сондай-ақ, Мырзабекті еске алу (25-27 қазанда АМУ-дің «Жайық» ДСК-нде өтеді) және Ақтөбеде болатын Батырғалинді еске алу турнирлеріне қатысады.

Image 0- 1-ОРМБЖСМ жұмысында сізге көмектесетін жаттықтырушылар кімдер?

- Мұнда мен, Нұрболат Дүйсембаев, Ануар Абдрахманов және Исраил Ғизатов жаттықтырады. Дәрістер Жұмыскер ауылының спорт залында және «Мұнайшы» орталық жүзу бассейнінде өтеді. Бассейн басшылары бізге қолдау көрсетіп, спорт зал бөлді.

Жұмыскер мектебінде 60-тан аса әр түрлі жастағы бала жаттығады. Жаттығулар таңертең, түстен кейін және кешке өткізіледі. Бұл спорт түріне деген қызығушылық қаланың осы жақ бөлігінде жоғары, сондықтан да біз, жаттықтырушылар, мұны тиімді пайдалануымыз керек. Федерация осы жерден бірталай чемпиондар шығарамыз деп жоспарлап отыр. Алғашқы қарлығашымыз – Абылай Қапен. Болашағы бар балалар жеткілікті.

Қазір Дәулет Қалиевті Астанадағы республикалық спорттық мектеп-интернатқа оқуға шақырып жатыр. Алда облыс чемпионаты келе жатыр. Бұл турнирде Ақмола облысының Жақсы қаласында қазан айының аяғында өтетін кіші жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатына іріктеу жүргізіледі.

Үздік шәкірттеріміз ҚР чемпионатына күш сала дайындалып жатыр. Бұлар – Айдын Елемесов, Ерасыл Бағдатов, Абылай Қапен, Дәулет Қалиев және Бекзат Жәрдемов. Алайда бұлардан басқа балалар жеңіске деген жігерін қайрап, облыс чемпионатын жеңсе, қуанамын.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА және Б. Әбуталиев

15 қазан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.