Теннис
Алматыда үстел теннисінен Суперлига командалары арасында Ашық Қазақстан чемпионатының 3-туры өтті.
«Атырау» командасы барлық матчтарда да жеңіске жетті. Ең бастысы, ол өзінің негізгі қарсыластары «“Астана" үстел теннисі клубы» мен «Хван Ман Гым» (Ташкент) командаларын ұтып, турнир кестесінде 3-орыннан 1-орынға көтерілді. «Атырау» командасының құрамында еліміздің әр түкпірінен жиналған ойыншылар ойнайды: Айбек Қайыралиев (Атырау), Тимур Келбұғанов (Алматы), Денис Желудев (Өскемен), Бекұлан Жаман (Шымкент) және Эрик Райтер (Қарағанды). Командалық Қазақстан чемпионатының шешуші 4-турын желтоқсанда Атырау қаласында өткізу жоспарлануда. Ал қараша айында мұнайлы астанада 3-інші дәстүрлі Қазақстан үстел теннисі федерациясы президентінің кубогы өтеді (ҚҮТФ перзиденті – Бақтықожа Ізмұхамбетов).
Қазақ күресі
Тараз қаласында Қазақ хан-дығының 550 жылдығына орай өткен қазақ күресінен ІІІ халықаралық «Еуразия Барысы» турнирінде Қазақстан құрамасы жеңіске жетті.
Турнирге Өзбекстан, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Польша, Түркия, Ресей және Қазақстан құрамалары қатысты. ҚР құра-масы сапында атыраулық Сұңғат Закарияев өнер көрсетіп, барлық белдесулерінде жеңіске жетті.
– Сұңғат үшін қуаныштымын. Биыл ол жақсы өнер көрсетіп жүр – қазақ күресінен Қазақстан кубогында жеңіске жетті, дзюдодан ҚР Спартакиадасында үшінші нәтиже көрсетті, өткен жылы ҚР Халық ойындарының жеңімпазы атанды, - дейді Сұңғаттың жаттықтырушысы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Аманбай Қыздарбаев.
Спортшылар мен бапкерлер ұжымы барынша қолдау білдірген қазақ күресі облыстық федерациясының президенті Қайрат Темірбайұлы Ахметовке ризашылығын білдіреді.
Күрес
Қызылорда облысының Жаңақорған қаласында 2002-04 ж.т. жасөспірімдер арасында еркін күрестен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Серік Абдрахмановты еске алуға арналған республикалық турнир өтті.
Жарысқа 300-ден аса жас палуан қатысып, әр салмақта елуге тарта бала белдесті. Атыраулықтар бір алтын және бір күміс медаль ұтты. 47 келіге дейінгі салмақта Дастан Әлімжанов бес белдесу өткізіп, барлығын айқын басымдықпен жеңіп, алтын жүлдеге қоса «Үздік техникасы үшін» сыйлығына ие болды. 29 келіге дейінгі салмақта Рамазан Хосжанов 5 жеңісті белдесу өткізіп, финалда алаң иелерінің өкіліне есе жіберді.
Осы уақытта Атырауда 2003-05 ж.т. ер балалар арасында ашық қала біріншілігі өтті. Жарысқа Батыс Қазақстанның барлық қалаларының, үш қалалық БЖСМ командасы қатысты.
Санжар Қадырбаев, Сүлейман Ғазалиев, Ерсұлтан Ерболатұлы, Димаш Жақсылық (барлығы 1-БЖСМ-нен) және Ризабек Тайжанов (Индер ауданының БЖСМ-і) өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанды.
Бокс
«Атырау» ДСК-нде бокстан 2000-01 ж.т. үлкен жасөспірімдер арасында КСРО спорт шебері Қамбар Андашевты еске алуға арналған ашық республикалық турнир өтті.
Турнирге Қазақстан мен Өзбекстаннан 133 жас боксшы қатысты. Жеңімпаздарға ҚР спорт шеберлігіне үміткер атағы берілетіні рингтегі айқастарды қыздыра түсті.
Облыс құрамасы төмендегідей нәтиже көрсетті: «алтын» – Бекзат Сиражев, Бағылан Ләбихан, Нұрсат Зинолла, Дархан Нығметуллин, Еламан Рахметолла, Аят Айтқалиев және Әділет Өтеген; «күміс» – Нұрғиса Жакенов, Бауыржан Уәпов, Әли Құлымжан, Нұрбек Сағынбаев; «қола» – Назарбек Якуб, Елболсын Қайреден, Нұрлыхан Ұлықпанов, Асланбек Нағұмашев, Абылайхан Бітімов, Рахат Дарханов, Бекен Ибраемов, Дарын Серкебай және Нұркен Нұрымов. Ұтып алған жүлделер саны бойынша облыс құрамасы басқа командалардан озық шығып, бірінші орын алды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор