Израиль билігі Иерусалимнің шығыс бөлігінде орналасқан араб аудандарын қоршап тастауға үкім шығарды.
Бұл туралы премьер-министр Биньямин Нетаньяху мәлімдеген. Қауіпсіздік кабинеті елдегі терроризммен күресу мақсатында кейбір аудандарды қоршауға алып немесе коменданттық сағат орнатуға мәжбүр екенін айтқан. Себебі кейінгі кезде қалада шабуыл көбейіп, 3 израилдік қаза болған. Тағы 17-сі жараланған.
Ал Сахнин қаласында елдегі араб партиялары мен қоғамдық ұйымдардан мыңдаған адам жиылып ел премьеріне қарсы шеру өткізді. Олардың айтуынша, жағдайдың осылай ушығуына билік кінәлі. Өйткені олар Иерусалимдегі Әл-Акса мешітіне кіруге тыйым салған.
Ханин Зуби, Араб-Израиль Кнессет мүшесі:
- Біз Нетаньяхудың Әл-Акса мешітін жайына қойып, одан аулақ жүруін талап етеміз. Сонымен қатар Израиль түрмелерінде жатқан оншақты тұтқынды босатып, елдегі араб, палестин жастарын мазаламауы тиіс.
Дереккөз: 24.kz