АСТАНА. ҚазАқпарат - "Талибан" қозғалысы өз мақсатына жеткендіктен Ауғанстанның солтүстігіндегі Құндыз қаласынан әскерін шығаратынын хабарлады. "Талибан" содырлары соңғы екі аптада бұл ауданда үкіметтік әскермен шайқасқан, деп жазады Би-би-си.
Тәліптердің баспасөз хатшысы содырлар Құндыздағы түрмеден жүздеген жақтасын босатып алғанын, сонымен қатар әскери техниканы жаулап алғанын айтты.
Тәліптер Құндызды қыркүйекте басып алып, үш күндей сонда үстемдік еткен. Ауған әскерінің ақпаратынша, қазір қаланы үкімет толық бақылап отыр.
Ауғанстанның оңтүстігінде Газни провинциясында жаңа қақтығыстар туындаған. Газни қаласында, алдын ала болжам бойынша, тәліптер ұшырған зымыран екі адамды өлтірді. Жергілікті тұрғындар жаппай бұл ауданнан кетіп жатқаны туралы хабарлар түсіп жатыр.
Дереккөз: inform.kz