Редакцияға өз еркімен біздің облыстың Ұлы Отан соғысы кезінде хабарсыз жоғалып кеткен сарбаздарын іздеуші, біздің ескі әңгімелесушіміз Әділғали БАЙМЫРЗА хабарласты. Ресейлік іздеушілер тобы Смоленск түбінен қызыл әскер Андрей ТУШКАНОВТЫҢ сүйегін тапқан екен. Оның туыстарын іздестіруде.
«Обелиск» іздеу тобының (Мәскеу қ.) қызметкерлері жазады: «Сіздерге біздер тапқан қазақстандық сарбаздың мәліметтерін жолдап отырмыз. Біздің тобымыздың экспедициясы қыркүйекте Смоленск облысының Темкин ауданында болды. 120-шы атқыштар бригадасының шайқастары өткен жерлерде жұмыс істедік. Қызыл әскер Тушкановпен бірге көмілген тағы екі сарбазды таптық, алайда тек Тушкановтың бойтұмары болды. Жақын жерден тағы төрт сарбаздың сүйектерін шығардық. Олардың бойтұмарлары әзірге сараптамадан өтуде».
Біздің жерлесімізге №73 есеп кәртішкесі берілген екен. Сарбаздың мәліметтері мынадай: Тушканов Андрей Трофимович, 1909 жылы туған. Әскери атағы: қызыл әскер. Қызметі: атқыш. Ә/б: 120 жеке атқыштар бригадасы, Қазақ ССР-да туған. Гурьев облысы, Гурьев қаласы, Гурьев ауданы, Редуд с/о, Бұхар беті, Нефтепровод, Редуд ауылы. Зайыбы – Тушканова Мария Ивановна.
Жерлеу түрі: әскери. Дереккөз: бойтұмар. Стандартты сипаттау бланкасы мынадай: «ҚМОА: 58 Қор, 818883 тізім, іс 1616 30.08.42 жылғы кіріс ісі №21560, Гурьев АӘК шақырылған. Темкин ауданының Сущево ауылында 19.08.42 күні өлтірілген».
Табылды: Смоленск облысы, Темкин ауданы, Семеновское ауылынан батысқа қарай. Табылған күні: 26.09.2015 ж. Қайта жерлеу Темкин ауылының «Поле памяти» жерінде 2016 жылға жоспарланған. Оның жанынан жеке заттары табылды: қарындаш, екі шаппа пышақ, алқа, газтұтқышқа арналған паленкалар жиыны, аяқ киім.
Туыстары қосымша ақпарат үшін іздеу тобының командирі Михаил ПОЛЯКОВҚА мына телефондар арқылы хабарласа алады - 8 495 557-42-50, +7 910 464-07-22.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА