Индустриализациялаудың екінші бесжылдығы (2015-2019 жылдар) шеңберінде Атырау облысында құны 1,8 трлн теңге болатын 17 жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің Атырау филиалында өткен брифингте облыстық кәсіпкерлер басқармасының басшысы Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВА хабарлады.
- 2015 жылдан бастап Атырау облысы мұнай-химия, мұнай өңдеу және мұнай қызметі салаларындағы ұлттық кластерлік дамудың орталығы болып бекітілді. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында мыңдаған жұмысшылар мен мамандар жұмысқа тартылады. Тек «Теңізшевройл» ЖШС-нің үшінші буын зауыты құрылысының өзінде 20 мың жаңа жұмыс орны ашылады, зауыт пайдалануға берілген соң 500 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, индустриализациялаудың республикалық картасындағы үш жоба – интеграцияланған тұңғыш газ-химиялық кешеннің құрылысы, АМӨЗ-де (KPI және KLPE) мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы – жүзеге асу барысында үш мың адамға жұмыс ұсына алады, - деді Жұмағалиева.
Биылдан бастап жалпы сомасы 204,9 млрд теңге болатын 13 жоба бойынша жұмыстар басталып кетті, олар 1000-нан астам адамды жұмыспен қамтиды. Бұлар – «Атырау Сауда» ЖШС құс фабрикасын кеңейту, «Алмалы Құс» ЖШС құс фабрикасының құрылысы, «Первомайский» ЖШС-нің сүт өңдеу және қышқыл сүт өнімдерін өндіру бойынша кешенінің қуаттылығын арттыру, «Кемикал Солюшн» ЖШС-нің химиялық реагенттер өндіру бойынша зауыты, CaspiyLanaAtyrau ЖШС жүн өнімдерін өндіру, «Атырау Бөдене» ЖШС-нің бөдене жұмыртқасы мен етін өндіру бойынша бөдене фермасы және т.б.
Жұмағалиева ауыл кәсіпкерлерін несиелеу сомасын атады – оларға Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы облыс бюджетінен жылдық 7 пайыз мөлшермен қайтарымды несие бойынша 200 млн теңге бөлінген:
- Бүгінгі таңда 119 млн теңге несие сомасына 27 жоба қаржыландырылды, олар бойынша 58 жұмыс орны ашылды. Соңғы екі жылда 457 млн теңге бөлініп, ауылда 98 бизнес нысанын ашуға және 220 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туды.
Жұмағалиева, сонымен қатар, Азиялық даму банкінің Қазақстан үшін тек әйелдердің кәсібін дамытуға миллиард доллар бөлгенін хабарлады. Сыйақы мөлшері 14 пайыз, яғни, әйелдер осы мөлшерлемемен несие ресімдей алады немесе жоғары мөлшерлемемен бұрын алған несиелерін қайта қаржыландыра алады. Бағдарламаның операторы болып «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі тағайындалды.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын қаржыландыруға республикалық бюджет Атырау облысына 1,2 млрд теңге бөлді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА