АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатындағы Норт-Чарлстон қаласы өлтірілген қара нәсілді Уолтер Скоттың отбасына 6,5 млн. доллар төлейді, деп хабарлайды Lifenews.ru.
АР-дің хабарлауынша, қалалық кеңес бұл шешімді бірауыздан мақұлдады.
Соңғы бірнеше ай бойы қалалық кеңестің мүшелері Скоттың туыстарының беруі мүмкін арызын талқылау үшін заңгерлермен тұрақты түрде кездесіп отырды.
Енді өлтірілген ер адамның отбасы Норт-Чарлстонды сотқа бермеуі үшін ірі көлемде ақша алады.
Еске сала кетейік, 4 сәуір күні офицер Майкл Слэгер күре жолда 50 жастағы жергілікті тұрғын Уолтер Скоттың көлігін тоқтатқан. Оған көлігінің сынған фарасы себеп болды. Тәртіп сақшысы мен тәртіп бұзушының арасында ұрыс-керіс шығып, ер адам қашпақ болғанда, полиция қызметкері қарусыз қара нәсілді азаматты сегіз рет атқан.
Дереккөз: inform.kz