Ресейлік әскери ұшақ Сирияның Идлиб ауданындағы нысаналарға бомба тастап жатыр. 5 қазан 2015 жыл.АҚШ билігі өкілдері Ресейдің Сириядағы нысаналарға Каспий теңізі аумағынан атқан әскери зымырандарының бірнешеуі Иран жеріне құлағаны туралы хабарлаған. АҚШ үкіметіндегі аты-жөндері аталмаған дерек көздерінің америкалық ақпарат құралдарына айтуынша, зымыран құлауынан зардап келгені жөнінде ақпарат түспеген. Ресей қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Қазанның 7-і күні Мәскеу Сирияның солтүстік және солтүстік-батыс аймақтарындағы нысаналарға 26 зымыран ұшырғаны туралы хабарлаған еді. Келесі күні НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің Сириядағы әскери белсенділігі «қауіп-қатерді күшейтіп» отырғаны туралы ескерткен.
Ресми Дамаск ресейлік әуе күштерінің қолдауына сүйеніп, құрлықта көлемді әскери операция бастайтыны туралы мәлімдеді. Сирия қарулы күштері бас қолбасшысы генерал-лейтенант Әли Абдулла Аюб үкімет армиясы «ресейлік күштердің әуе шабуылынан әлсіреген «Ислам мемлекеті» тобына қарсы кең көлемді шабуыл бастап», бірнеше елдімекенді қайтарып алуды көздеп отырғанын айтқан.
Мәскеу ресейлік күштердің әуе шабуылы негізінен Сирия президенті Башар Асадқа саяси оппозицияны нысанаға алған деген ақпаратты жоққа шығарып, «әуе соққылары ИМ тобы мен өзге де экстремистік топтарға қарсы жасалды» деп мәлімдеген.
Дереккөз: azattyq.org