Атырау, 29 қараша 03:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

«Атырау» ФК өтпей тұр

2 448 просмотра

Үкіметтің 2014 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен Атырау облысы бойынша 16 нысан кірген кешенді жекешелендіру жоспары бекітілді. Коммуналдық жеке меншік нысандарын сату кестесі облыстық әкімдік қаулысымен бекітілді: 2014 жылы – бір, 2015 жылы – 15, 2016 жылы төрт кәсіпорын жекешелендіріледі.

2014 жылы жекешелендіріледі деп жоспарланған «Білім беру саласындағы жаңа технологиялар орталығы» КМК сатылған жоқ. Оның бағасы екі рет төмендетілді: біріншіде бастапқы 10 млн 012 мың теңгеден 9 млн 011 мың теңгеге дейін, екіншіде 8 млн 109 мыңға дейін түсірілді. Тендер үш рет жарияланды, алайда сатушы табылған жоқ. Сондықтан да нысан жекешелендіру тізімінен алынып тасталды. Облыстық әкімдік қаржы министрлігі мен ұлттық экономика министрлігіне осы лотты «Облыстық білім беру басқармасының әдістемелік кабинеті» КМК-мен біріктіріп, жаңа тендер өткізу жөнінде ұсыныс жіберді.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Бағытжан ЖЫЛҚЫБАЕВТЫҢ айтуынша, 2015 жылы жекешелендірілетін 11 нысанның ішінен тек «Жылыой Тазалық» ЖШС мамандандырылған кәсіпорны ғана сатылды. Лот 37,1 млн теңгеге өткізілді. Тағы төрт нысан – ««Атырау Барыстары» спорттың ойын түрлері бойынша облыстық команда» КМК, «Атырау облыстық ұлттық спорт түрлері клубы» КМК, «“Атырау" спорт кешені» КМК және «“Атырау" облыстық футбол командасы» ЖШС – сатылған жоқ. Олардың құнын бірнеше рет төмендетілді, тендер үш рет өткізілді, алайда сатып алушылар жоқтығынан еш нәтиже бермеді. Тендер өткізуге кетіп жатқан шығындардың көптігінен комиссия осы төрт нысанды сатуды тоқтатты. Астанаға осы нысандарды жекешелендіру жоспарынан алып тастауға ұсыныс жіберілді.

Басқа үш нысан бойынша бағалау жұмыстары жүріп жатыр, оларды қазан айының соңына дейін сату жоспарлануда. Бұлар - «“Атырау" облыстық волейбол командасы» ЖШС, «“Атырау" су спорты түрлері клубы» және «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» КМК.

Тағы үш нысанды – «“Мұнайшы" спорт кешені» КМК, «АтырауБасЖоспар» ЖШС және «Атырау облысының геотехникалық орталығы» ЖШС-ті тендерге дайындау жүргізіліп жатыр.

Б. Жылқыбаев жекешелендіруден бас тартылған төрт нысанның бастапқы бағаларын айтты: «Атырау Барыстары» - 65 762 934 теңге, облыстық ұлттық спорт түрлері клубы - 68 784 747 теңге, «Атырау» спорт кешені - 36 707 893 теңге, «Атырау» футбол клубы – 86 652 мың теңге.

Нысандарды жекешелендіруге қатысқысы келетіндер облыстық қаржы басқармасына хабарласуы керек. Сатып алған жағдайда олар бір жылға дейін көрсететін қызмет бағытын өзгертпей, жұмыс орындарын қысқартпай, бір ай ішінде сатып алған нысанының кредиторлық борыштарын қайтаруы қажет. Егер бұл талаптар орындалмаса, мемлекет нысанды сот тәртібімен қайтарып алуға құқылы.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

8 қазан 2015, 17:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.