100 жастағы Мақтым Ибағалиева үшін қаржы жинау тоқтатылды. Оқырмандар әжеге 105 мың теңге жинап берді.
Еске салып өтейін, биылғы жылдың 7 мамыры күні біз өмірінің соңғы жылдарында баспанасыз қалған Мақтым әже туралы жазған болатынбыз («Мақтым әженің өмірі мен тағдыры»). Мақала астындағы комментарийлерде көмек қолын созғандар мен үн қатқандар көп болды. Қаладағы ықпалды адамдардың бірі автормен сөйлесу барысында тұрақты баспана мәселесін шешу мүмкіндігі туралы айтып, шот ашуды ұсынған болатын. Редакция ережелеріне сәйкес біз өз атымызға шот ашпаймыз, қаржылық операцияларды жүзеге асырмаймыз, сондықтан мен өзінің қайырымдылық қызметімен танымал Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВТЫҢ осы мәселемен айналысуын өтіндім («АЖ», №20, 14.05.2015 күнгі «Мақтым әжеге арналған есепшот»). Біздің жарияланымдарымыздың бірнеше рет қаһарманы болған Ерлан қазір өзі құрған, БЦС дертіне шалдыққан балаларға тегін көмектесетін «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігін басқарады.
Алайда менің ықпалды сөйлесушім өз уәдесін орындамады, бәлкім оған нақты себептері болған шығар. Мақтым әже әлі күнге алыс туысының үйінде тұрып жатыр. Көмекке басқа жандар келді: әженің есепшотына 3 аударым жасалған, екі адам 50 мың теңгеден ақша аударса, бір адам 5 мың теңге аударыпты.
Жақында Ерлан біздің келісіміміз бойынша банктегі есепшотты жауып, түскен ақшаны әкеліп берді, 6 қазанда Мақтым әжеге жиналған 105 мың теңгені апарып бердік. Мақтым әже барлық оқырмандарға алғыс айтты, өзінің тарихы көпшілікті бей-жай қалдырмағанын естіп, көзіне жас алды. Әже бізге амандық, денсаулық және ұзақ ғұмыр тілеп, өзінің ақ батасын берді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген автор