Халықаралық валюта қоры Ираннан санкцияның алынуы өндіріс көлемі мен мұнай экспортының ұлғаюына, сонымен қатар Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдерінің экономикасына да оң әсер етеді деп мәлімдеді.
Биыл шілдеде Тегеран мен әлемдік алты держава арасында қол қойылған ядролық келісімге сәйкес, Иран өз ядролық бағдарламасын шектеген жағдайда осы елге салынған санкциялар кезең-кезеңімен алынатын болады.
ХВҚ сейсенбі күні жариялаған әлемдік экономика дамуының болашағынана арналған есебінде 2016 жылы Иранның «белсенділігінің артуына» байланысты аймақта айтарлықтай өсім болады деген болжам айтылған. Халықаралық қор есебінде аймақтағы жанжал салдарынан экономикалары зардап шеккен Ирак, Ливия, Йемен және өзге елдер де «біртіндіп жақсара бастайтыны» айтылған.
Сонымпен бірге есепте ішінара Йемен мен Ливиядағы жанжалдарға байланысты биылға арналған болжамда соңғы алты айдың көрсеткіштері нашарлағаны айтылған.
ХВҚ бағалауы бойынша, былтырдан бері аймақтық экономика дамуы 2,6 пайыздан 2,3 пайызға дейін төмендеп, 2016 жылға арналған болжамда 3,8 пайызды құрап отыр.
Дереккөз: azattyq.org