Таяу жылдары қаланың сәулеті қатты өзгермек, Атырауда жаңа әрі ерекше нысандар пайда болмақ – бұл туралы журналистерге қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ айтты.
Қалақұрылысы кеңесінің жақында өткен жиынында «Талант Констракшн» компаниясы Успен соборының маңынан салуды жоспарлап отырған тұрғын үй кешенінің жобасы бектілді. Келер жылы Атырауда бірнеше жаңа сауда орталығы бой көтермек. Олардың жобасы бірнеше рет қаралды, барлық ескертулер есепке алынған соң, әкімнің ойынша, олар қаланың көркіне айналмақ. Жақын арада МЕГА-орталықтың алғашқы кірпішін қалау салтанаты өтеді деп күтілуде. Ол мюнхендік орталықтың көшірмесі болады және әуежай тас жолының бойында қоныс тебеді.
«RIXOS» әлемдік мейманханалар желісімен Атырауда мейманхана салу туралы келісімдер жүруде. Жақын күндері желінің өңірлік директорымен кездесу жоспарланған. Атырау тұрғындарына ғана арналған арнайы ұсыныс туралы меморандумға алдын ала қол қойылды. Ол үшін қаламызда «RIXOS» желісінің өкілдігі ашылмақ. Сонымен қатар 2016-2017 жылдары кезең-кезеңмен балалар алаңдарын жөндеу мен жаңасын салу бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. Қалалықтар бағдарламаны дайындауда белсенділік танытып, өздерінің ұсыныстарын жіберді – олар алаңды қай жерге орналастырған дұрыс, қай жерде қандай жабдықтың сынғаны туралы хабарлап отырды.
Велосипедшілердің де әуежай трассасының бойынан өз жолы пайда болды, ол Қала күнін тойлау шеңберінде таныстырылған болатын. Енді жағалауда тыныштық орнайды деп сенейік. Айтпақшы, билік қалалықтардың сүйікті демалыс орнына айналған өзен жағалауын көркейту үшін кәсіпкерлерді тартпақшы. Және тек сауда нүктелері немесе түрлі қызметтер көрсететін орындар ұйымдастыру үшін ғана емес, жағалаудың эстетикалық келбетіне өз үлестерін қосу үшін. Мысал ретінде Нұрлыбек Ожаев Сингапурдегі арыстан-балық Мерлионның тас мүсінін келтірді. Мерлионның балық құйрығы Сингапурдың балықшылар поселкесі ретінде қалыптасқан тарихын бейнелейді. Біздің қаламыз да балығымен танымал, сондықтан жағалаудағы бекіренің ескерткіші артық болмас еді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА