28-29 қыркүйекте «Атырау аруы – 2015» өңірлік сұлулық конкурсының ашық кастингі өтті.
Конкурсты облыстық әкімдіктің қолдауымен «Сән әлемі» қоғамдық қоры ұйымдастырады. «Атырау аруы – 2015» қатысушылары тіркелу жарнасын төлемейді – барлық шығынды ұйымдастырушылар мен демеушілер өз мойындарына алған.
Қатысу үшін үміткерлерге белгілі бір талаптар қойылады: келбеті келісті болуы керек, жасы 16 мен 27 арасында, бойы 168 см кем емес. Қыздар тұрмыста болмауы керек және бұрын күйеуге шықпаған болуы шарт, балалары да болмауы керек. Ұлты, әрине, маңызды емес, тек ҚР азаматы болуы міндетті. Биыл конкурсқа қатысу үшін 50 бойжеткен өтінім берген, қазылар алқасы кастингке 35 қызды шақырды.
- Қыздардың жоғары тұлғалық ұмтылыстары, бойларында таланты және міндетті түрде тәртіпті болғандары маңызды. Себебі, конкурс қатысушылары көптеген дайындықтарға, фотосессияларға қатысып, хореографтармен, сахна тілі бойынша нұсқаушылармен, шоу жасаушылармен жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар оларды конкурстан тыс бағдарламалар күтіп тұр, - дейді «Атырау аруы» сұлулық конкурсының ресми өкілі Вероника КОШМАНОВА.
Әділқазы мүшелері үміткерлерге кез келген сұрақтар қойды, әңгіме тақырыбы үнемі өзгеріп отырды. Мұның бәрі әдейі жасалады: осылайша қыздардың өз-өзін ұстай білуі, күрделі жағдайлардан қалай «сытылып» шығатындары тексерілді. Әзілді түсіне білгендері ерекше қолдау тапты.
Ашық кастинг барысында 12 қатысушы таңдалып алынды. Олар Атыраудың ең әдемі және талантты аруы атағына, көптеген сыйлықтар мен «Қазақстан аруы – 2015» Ұлттық конкурсында біздің өңірімізді таныстыру мүмкіндігі үшін күресетін болады. Ал әзірге қыздарды арнайы дайындық күтуде. 1-16 қазан аралығында олар хореграфия, дефиле, сөйлеу мәдениетін үйреніп, фотосессияларға, жарнамалық және қайырымдылық акцияларға қатысатын болады.
Конкурстың ақтық сайысы 16 қазан күні Махамбет атындағы драма театрда өтеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА