Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ Дуся және Федямен. Атыраулық «Атырау. Маленькая страна» ит өсірушілер клубы Ақтөбеде өткен Ұлттық иттер көрмесіне қатысты. Барлық иттер жеңіспен және өте жақсы нәтижелермен оралды.
Біз бірнеше рет жазған, балаларды емдейтін сабалақ жүнді дәрігерлер - екі лабрадор да көрмеге қатысты.
Төлқұжатында Стелла Фиделис Джуди Райсинг Стар деп жазылған Дуся ашық сыныпта өнер көрсетіп, сарапшыларға үлкен әсер етті. Әрине! Өйткені, екі жасар ит Мәскеу, Самара, Тольятти және ТМД-ның басқа қалаларында өткен көрмелерге бірнеше рет қатысып, Қазақстан мен Ресейдің ең жас чемпионы деген атақ алған болатын. Сонымен қатар, Дуся өзінің аңшылық дағдысын да көрсетті, енді ол өз тұқымының қасиеттері, атып түсірілген қаз-үйректерді алып келу бойынша дипломға ие. Айта кетсек, көрмеде итке канадалық әлем чемпионының ұлына қалыңдық болуға құда түсіп кетті.
- Бұлардан жоғары деңгейдегі, яғни, шоу класты күшіктер шығуы керек, - деді иттердің иесі Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ мақтанышын жасыра алмай, - алайда аман болайық, көреміз. Екінші лабрадорымның, үш жасар Федяның, ресми аты - Стелла Фиделис Форекс Скай Ларк, жас чемпион, Қазақстан мен Ресейдің ересек иттер арасындағы чемпионы деген атақтары бар. Федя Нижний Новгородта ағылшын Дэвид ХОПКИНСТІҢ сараптамасымен өткен чемпионатты ұтты, ал бұл адам - осы тұқым әуесқойлары арасындағы ең білгірі.
Басқа ит иелері де өз жеңістерімен мақтанды. Осындай көрмеге Анаир есімді швейцариялық ақ овчарка бірінші рет қатысып отыр. Ол өз тұқымы арасынан үздік танылып, Қазақстанның жас чемпионына үміткер атағына ие болды.
- Егер алда Ақтауда өтетін көрмеде ол өз титулын қорғап қалса, ҚР жас чемпионы атанады, - дейді бір жасар иттің иесі Нұрболат ҚАБДЕШЕВ. – Бұл өте сирек кездесетін тұқым және Анаирден бөлек қаламызда осы тұқымның басқа да өкілдері бар екеніне өте қуаныштымын. Олардың ортақ ата-аналары жоқ және болашақта асыл тұқымды күшіктерді дүниеге келтіре алады.
Тағы бір ит, Мужик есімді ұзын жүнді неміс овчаркасы өте жақсы баға алып, өз тұқымының үздігі болды. Ал Канди есімді неміс овчаркасы асыл тұқымды аналық ит деген атаққа ие болды, яғни, болашақта ол ұрпақ тарата алады, ал күшіктері «текті» атанады.
Халықаралық санаттағы төреші қырғызстандық Наталья Максимова көрменің сарапшысы болды.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті «Атырау. Маленькая страна» клубы ұсынды