Құлсары қаласындағы Жылыой аудандық әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі жаңа орынға қоныстанды.
- Біз бұл жағдайға қуанып отырмыз. Демек, бөлімше туралы ұмытпайды, - дейді әлеуметтік қызметкерлер. – Бұл күрделі жөндеуге сұранып тұрған мектептің бұрынғы ғимараты. Оны да қолға алатын шығар деп ойлаймыз.
Бөлімше мүмкіндігі шектеулі балалар мен қарттарға көмектеседі. Аудан бойынша 375 мүмкіндігі шектеулі бала бар болса, оның 120-сы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесіне келеді екен. Оларға 15 әлеуметтік қызметкер бөлінген. Айлық табыстары орта есеппен 30 мың теңге шамасында болғанымен олар балалармен жұмыс жасауда аянбайды. Ғимаратта балалар үшін тренажер залы, оқу орны, түрлі шаралар өткізетін ойын бөлмелері бар. Әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің тәрбиеленушілері жәрмеңке ұйымдастырып, онда өз қолынан шыққан бұйымдарды қояды.
- Мұның өзі олар үшін қуаныш. Біз орталыққа балаларды ойлары бөлініп, бір-бірімен түсінісіп, бір ортаға үйренсін деген оймен әкелеміз, - дейді ата-аналар.
Әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Алтынай ҚОЖИЕВАНЫҢ айтуынша, әлеуметтік қызметкерлерге «Мейірім сәулесі» ерікті жастар тобы көп көмектеседі.
- Бұл студенттер мен оқушылар. Олар бөлімшені безендіруге қатысты, балаларға көмектесіп тұрады. Бұдан бөлек, еріктілер мүгедек балармен қатар жалғызбасты қарттарға да жәрдемдеседі – азық-түлік әкеліп, үйлерін жинап береді, тіпті, жөндеу жасауға да көмектеседі, - дейді А.Қожиева.
Қазір «Мейірім сәулесінде» 40-қа жақын ерікті бар. Олардың ішінде 8-10 сынып оқушылары Назгүл МЕЙРАМБАЕВА, Айгүл ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА, Нұрайна ЕСТҰРҒАНОВА, Мөлдір БАҒЫТОВАЛАР бос уақыттарын осында өткізеді екен. Ал Данияр АЖМУХАМБЕТОВ ауылдан келіп жәрдемдесуде.
- Біз қатарымызды толықтырсақ деген ойдамыз. Себебі, бізді мүгедек балалар мен қарттар асыға күтеді, - дейді еріктілердің бірі Жеңісхан АЙСАҒАЛИЕВ. - Оларға біздің көмегіміз қажет екенін сезінеміз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА