75 жастағы Жылқайдар ШЕГІРОВ (суретте) - көп жылдық тәжірибесі бар малшы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «Қалқаман» шаруа қожалығының басшысы. Ол Құлсары қаласында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне тұрақты қатысып тұрады.
«Қалқаман» ШҚ және тағы бірнеше шаруа қожалығы Жем округінен 5-6 шақырым жердегі «Ақкөл» жеріне қоныс тепкен. Олар бірлесіп пішен шауып, мал азығын дайындайды. Биылғы жаз малшылар үшін ең қолайлы кезең болыпты. Көктемгі нөсер мен жаңбырлы жаз маусымы жайылымды қуаңшылықтан сақтап қалған.
- Біз көп жылдар бойы құрғақшылықты бастан өткеріп жүргенбіз. Жем өзені Ақтөбедегі Мұғалжар тауына түскен қар суына байланысты толады. Әдетте жаздың ортасына қарай өзен құрғайтын. Бірақ өткен жылы аудан әкімдігі бұл мәселені шешті. Олар шұңқыр қазып, таудан ағып келген суды соған жинап отырды, - дейді Ж. Шегіров. – Су мәселесі шешілген соң шаруаларда мал басын көбейтетін мүмкіндік пайда болды. Бұрын совхоз кезінде қаракөл қойды өсіретін едік, енді етті еділбай қойына алмастырдық.
«Қалқаман» ШҚ 13 жыл бұрын құрылған. Жылқайдар Шегіровтың ұлы Қалдан он баланың ішінде шаруаға ептісі, қожалық ісін өз қолына алған. Олар келіні Гүлнәр екеуі қыстақ басынан ұзаған жоқ, мал басын көбейтуге жұмыстанды.
- Қожалықта жұмыс жетерлік. Күзде мал азығын дайындаумен бірге аула-қораның кем-кетігін жөндеп, қыстық отын болар қиды жинап әзір отырамыз. Қыста малды үсіріп алмауды ойлаймыз. Көктем - мал төлдету маусымы.
- Науқан кездерінде сырттан еңбек күшін іздейсіздер ме?
- Жоға, балаларым, немерелерім көмекке келеді. Әсіресе, немерелеріме мал шаруашылығын бағалауды үйретіп жүрмін.
- Қалай, істі алып кетіп жатыр ма?
- Балалар шаруашылықтың жайын ерте үйренді. Істі соларға тапсырғалы жүрмін. Бірі қыстақта тұрады, енді бірі ауылда тұрады. Ең бастысы, олар біріге еңбек етуде. Осынысына қарап қуанамын.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА