Монополистердің алдағы уақытта тарифтерді көтеру тұрғысындағы шағын және орта бизнес мәселелері «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалындағы сарапшылар тобының отырысында талқыланды.
Бәрімізге белгілі, барлық базалық монополистер тамыз айында тарифтерді көтеруге өтінімдер беріп қойған еді. Өтінімдерді қараудың ең ұзақ мерзімі – 180 күн. 23 қазанда барлық монополистер бойынша қоғамдық тыңдаулар өтеді.
- Монополистер де - кәсіпкерлер, оларды да бизнестің тиімділігі мәселелері толғандырады. Алайда олардың қызметіне барлық кәсіпорындардың жұмысы тәуелді болғандықтан оларға артылған жауапкершілік жоғары. Тарифтердің ұзақ мерзімге бекітілетінін есепке алу керек, олар көтеріледі және бес жыл бойына өзгермейтін болады, - деді табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары Әлсейіт САБЫРОВ оптимистік ниет танытып.
- Егер тарифтер монополистердің қалауынша өсетін болса, онда бизнес өледі, - деп есептейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек ЖӘКИЕВ. - Әсіресе, барлық категориялар үшін салықтарды көтеру туралы бастама үлкен қорқыныш тудырады. Онымен қоса, ауыл шаруашылығы министрлігі бойынша шаруаларға арналған субсидияларды да алып тастағылары келеді. Біз, керісінше, осындай қиын жағдайларда бизнесті қолдау туралы ұсыныстар берген едік.
Қазіргі кезде кәсіпкерлер палатасы монополистердің инвестициялық бағдарламаларын әділ бағалай алатын сарапшыларды іздеуде – мүмкін, онда кәсіпорындардың жұмысына зиянын тигізбей алып тастауға болатын тармақтар бар шығар.
Зульфия ИСКАЛИЕВА