Атырау, 21 желтоқсан 07:13
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Шындықты тек онлайннан табасың

4 979 просмотра

Image 0Сәрсенбіде, 23 қыркүйекте «Ренессанс» қонақ үйінде Солтүстік Каспий жобасының операторы «Норт Каспиан Оперейтинг Компании Н.В.» (NCOCN.V.) 2016 жылғы табиғат қорғау іс-шаралары жоспары бойынша қоғамдық тыңдау өткізді.

Залға жиналғандар арасында қоғам мүшелері көп болған жоқ. Алғашқы бірнеше қатарларда NCOC-тың түрлі бөлімдері мен департаменттерінің менеджерлері, сондай-ақ студенттер отырды. Алайда академик Мүфтах ДИАРОВ, Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бас маманы Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ, белгілі ихтиолог және эколог Әбіш БЕКЕШОВ сияқты халық мұңына бей-жәй қарамайтын ақсақалдар, сондай-ақ ҮЕҰ өкілдері жеткілікті болды.

Президиумда Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ, NCOC-тың мемлекеттік органдармен ынтымақтастық және сыртқы байланыстар жөніндегі менеджері Серік ИДРАНОВ, NCOC-тың Еңбек денсаулығы және қоршаған ортаны қорғау департаментінің (ЕДҚОҚ) директоры Игорь ЛУКАШОВ отырды. Тыңдауды Жайық-Каспий Орхусс орталығының директоры Шынар ІЗТЕЛЕУОВА жүргізді.

Image 4

- Өкінішке орай, бүгінде біз Қашағаннан әр түрлі себептермен табыс көріп отырған жоқпыз, олар туралы БАҚ беттерінде кеңінен жарияланып жүр, - деді Ғ. Дүйсембаев. – Біз жобаны жүзеге асырудан түрлі салықтар мен төлемдер ағымын күтіп отырмыз, алайда біз экология мәселелерін бірінші орынға қоюымыз қажет. Табиғатымыз бізде онсыз да бай емес, сондықтан да оны мәпелеп ұстауымыз керек. Қоғамдық отырыстар ғалымдардың, практиктердің, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің ұсыныстарын тыңдауға мүмкіндік береді және оператор компания бұл ескертпелердің барлығын өз жұмыстарында ескеруі қажет.

NCOC менеджері Серік Идрановтың айтуынша, дағдарысқа қарамастан компания әлеуметтік жобалар шығынын қысқартқан жоқ:

- Мұнай бағасы екі есе құлдырады, қазір оның баррелі 50 доллардан төмен. Алайда біздің компаниямыз өндіруді бастамаса да, өз міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарайды. Біз әлеуметтік мақсаттарға арналған шығындарды бір тиынға да қысқартқан жоқпыз, керісінше, арттырып отырмыз. Егер біз 1998 жыл мен 2014 жыл аралығында әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға 500 млн доллар жұмсасақ, 2015 жылдан бастап алдағы 5 жылдықта 250 млн доллар жоюды жоспарлап отырмыз.

2016 жылғы табиғат қорғау іс-шаралары жоспарын NCOC-тың қоршаған ортаны қорғау жөніндегі менеджері Әсел МҰСАБЕКОВА таныстырды.

Image 3

Біз баяндаманы толықтай баяндап бермейміз, іс-шаралар жоспарымен www.ncoc.kz сайтынан танысуға болады.

Жалпы, NCOC басшылығының деректері бойынша, келесі жылы Атырау және Маңғыстау облыстары бойынша табиғат қорғау іс-шараларына 5 млрд теңге жұмсау қарастырылған.

ТАҒЫ ДА КЕСТЕНІ АЛМАДЫ

Дәстүр бойынша тыңдаудың сұрақ-жауап бөлімі қызу өтті. Алғаш болып Мүфтах Диаров микрофон сұрады. Ол өткен жылғы табиғат қорғау іс-шаралар жоспары қандай көлемде орындалды, қанша қаржы жұмсалды, сондай-ақ зиянды лақтырындылар мен қалдықтардың көлемі қандай деген сұрақтарға жауап беруді өтінді.

- Біз сіздердің осы сұрақты қоятындарыңызды білдік және жауапты алдын ала дайындап қойдық. 2010 жыл мен 2014 жыл аралығында 35,5 млрд теңгеден аса қаржы жойылды. Биыл қаңтар мен тамыз айлары аралығында біз екі облыс бойынша жоспарды 45%-ға орындадық. Маңғыстау облысы бойынша 78 млн теңге жұмсалды. Бұл жоспардың 77,5%-ы, Атырау облысы бойынша 2,6 млрд теңге, бұл - 44%.

Алайда компания өкілдері Диаров сұрағандай әр іс-шара бойынша бөлек жұмсалған соманы атай алмады. Олар осы шығындар жазылған «кестені алып келмепті».

NCOC-тің есеп-қисап және мониторинг департаментінің бастығы Юлия ОГАЙДЫҢ айтуынша, 2014 жылы Атырау облысы бойынша шығарылған лақтырындылардың жалпы көлемі шамамен 3,5 мың тоннаны құрады, 13 мың тоннаға жуық қалдық шығару және жою ұйымдарына тапсырылды, өйткені компанияның өз қалдық жерлеу полигондары жоқ.

ҚАЛДЫҚТАРЫҢЫЗДЫ ҚАЙДА АҒЫЗАДЫ?

Image 1

Мүфтах Диаров NCOC сұйық қалдықтарды қандай компанияға тапсырады, бұл мердігер компания оны қайда жіберетінін, Оператор осы процеске бақылау жасай ма деп сұрады.

Ешқандай бақылау жасамайтын сияқты, өйткені NCOC қалдықтарын тасымалдау және жоюға лицензиясы бар компанияға береді деген жалпы жауап қайтарылды.

«Глобус» ҚБ басшысы Галина ЧЕРНОВА да бұл мәселеге назар аудартты:

- Біз жергілікті баспасөз беттерінен сіздердің буландыру алаңдарыңызға құйылуы керек судың қалалық кәріздік жүйеге құйылғанын, ауыр өткір иісті химикаттары бар қалдықтардың қалалық буландыру алаңдарына қабылданғаны туралы құпия төгулер туралы оқып білдік, ал біз қала үстінде тұрған осы сасық иісті бірнеше күн бойы жұттық. Халық шаршағандық басатыны, ұйықтай алмандындықтары туралы шағымдануда, жастар арасындағы инсульттің көбейіп кеткені туралы айтпай-ақ та қояйық. Адамдар 34 жасында өліп жатыр, гипертониктердің саны артуда, Құлсарыда зағип болған балалардың жоғары пайызы анықталып отыр. Еш нәрсе тегін келмейді, барлығы үшін төлеу керек, бірақ осындай бағамен бе?! Мемлекеттік шенеуніктерге қояр сұрағым, халықтың бәрін қырып болғанда, кімді басқарасыздар?

Сонымен, тіке сұрақ: компания қалдықтарды жоятын мердігерлер қызметіне қалай мониторинг жасайды? Компанияларыңыз қалдықтар кез келген жерге төгілмесіне бақылауды қалай жасайтыны жөнінде жазбаша жауап бере ала ма?

ҚҰБЫР ЖЕЛІЛЕРІҢІЗ – ҚАУІПТІ...

Мүфтах Диарұлы, өз кезегінде, «Болашақ» зауытынан теңізге дейінгі, құбыр желісі өтетін учаскедегі жер асты сулары жөнінде сұрақ қойды. Сол жерлердегі жер асты сулары қандай деңгейде және деңгейі қалай өзгеріп отырады? Тартылып жатырған құбыр желілері жер сілкінісі күші өлшенетін Рихтер шкаласы бойынша неше балға есептелген?

- Олар 8 балдық жер сілкінісіне шыдай ала ма? Маған өткен жылы осы сұраққа жауап береміз деп уәде еткен, әлі жауап берілген жоқ, - деп наразылығын білдірді академик.

Игорь Лукашов:

- Құбырлар қандай сейсмикаға есептелгені жөнінде біз қосымша жауап береміз. Ал жер асты сулары жөнінде өткен жылғы тыңдауларда жауап берілген еді: жер асты сулары әр учаскеде топырақ қабаты белгісінен минус 4 метрден 0,5 метрге дейін өзгеріп отырады. Егер сізді құбыр желілері арасындағы деректер қызықтыратын болса, оны жеке ақпарат ретінде береміз.

- Құбыр желілерінің қандай бөлігі жер асты суларында тұрақты тұрады?

- Әрине, құбыр желілерінің жер асты суларының ішінде тұратын учаскелері бар, өйткені теңізге жақындаған сайын олардың деңгейі көтеріледі, ал құбырлар бір метр жарым тереңдікке көмілген. Ал қай учаскеде құбырлар тұрақты түрде жер асты суларында болатыны туралы қазір мен ештеңе айта алмаймын, жауап береміз.

...Тыңдаудың аяғында Мүфтах Диарұлы құбыр мәселесіне тағы тоқтады:

- Мен неге құбыр желілеріне әдейі тоқталып тұрмын? Өйткені теңіз түбі қабаттары зерттелген жоқ, біз екінші қабаттың тереңдігі туралы да білмейміз, аралдар тұр, бірақ теңіз түбі зерттелген жоқ. Құбырларды жүргізгенде тракторларыңыз неге жер астына батып кетті, сол жерде жұмыс жасайтын адамдардың әңгімелерінен қандай қорытынды шығаруға болады? Яғни, түптің бастапқы жағдайы бұзылған, сол жердің топырақ қабаттары біртекті емес. Осындай құрылысқа қауіпті жерлер кез келген нүктеде кездеседі. Каспийдің түбін геофизика арқылы зерттеу керек. Бұл сендердің пайдаларың үшін. Каспий теңізінің деңгейі тағы көтеріліп жатыр, бұл циклдік процесс, бұл қауіпті. Сондықтан да мен құбырларыңыз 8 балдық жер сілкінісіне шыдай ала ма деп сұрап отырмын.

ИӘ ДЕП ТЕ, ЖОҚ ДЕП ТЕ АЙТПАЙДЫ

Image 2

NCOC-тың Табиғат қорғау іс-шаралары жоспарында күкіртті түйіршіктеп (күніне 4500 тонна), Батыс Ескене темір жол кешенінде тиею туралы айтылды. Осы туралы Бостан Сүлейменов: «Тасып үлгерілмеген күкірт қоры кезіндегі Теңіздегідей жинақтала ма?» деп сұрады.

И. Лукашов: Қазіргі уақытта тапсырыс беруші күкірт тасымалдау бойынша темір жол желісі жобасының, сондай-ақ түйіршіктеу жабдықтарын қондыру бойынша негізгі жұмыстарды жүргізіп жатыр. Түйіршіктеуді өңдеудің бір күндік көлемі мың тоннаға жуық. Күкіртті орналастырудың жалпы көлемінің ең жоғары мөлшері – 4 млн тонна. Ал жоспарымызда, әрине, мұндай көлемдерге жетпейміз. Құрамында күкіртсутегі бар қышқыл газдарды айдау қондырғысын бастапқы пайдаланғанда қышқыл газдың көп бөлігі жер қабаты қысымын ұстап тұру үшін жер қыртысына кері айдалады. Осы іс-шараның есебінен күкірттің қалыптасу көлемі біраз төмендейді, бұл теңіз нысандарын қолданысқа енгізгеннен кейін басталады.

- Сонымен, күкірт жинақталып қала ма, жоқ па? - деп қайталап сұрады Сүлейменов.

- Барлығы көптеген факторларға байланысты. Бізде күкірттерді орналастыратын қуаттылықтарымыз бар, егер нарық ортасы күкірттің барлық көлемін алуға дайын болса, оның қорлары өспейді, егер олай болмаса, олар әрі қарай түйіршіктеу үшін арнайы орындарға орналастырылады.

ТАҒЫ АЛДАП КЕТТІ

Бостан Шәмешұлы қойған тағы бір сұрақ Жайық балық жүру каналын тереңдетуге қатысты болды.

- Біз NCOC қызметінің Каспий теңізі биологиясына ерекше зиян келтіретінін білеміз. Бекіре тұқымдастары және басқа да бағалы балықтардың жүретін жерлеріне жасанды аралдар салынды, сонымен қатар ірі кемелердің көп жүруі теңіздің биосферасына кері әсерін тигізуде. Алайда бұл мәселе тұрғысында компаниямен тіл табыса бастаған сияқтымыз. 2013 жылдан бері келіссөздер жүргізіп келеміз, қорытындысында жұмыс комиссиясы құрылып, 2016 жылдан бастап Яицкий балық жүру каналында тереңдету жұмыстары басталуы керек деген бір пікірге келдік («АЖ» бұл туралы «Консорциум Яицкий каналын кеңейтеді» деген материалында жазды – С.Т.). Алайда бүгін NCOC өкілдерінен 2016 жылғы табиғат қорғау іс-шаралары жоспарына осы каналда тереңдету жұмыстары енгізіледі деген бірде-бір ақпарат естіген жоқпын. Егер жоспарға осы каналдың құрылысы, дұрысы, күрделі жөндеу жұмыстары енгізілмесе, бүгін талқылап отырғандарымыздың барлығы бос әңгіме. Теңіздің биологиялық алуан түрлілігін, әсіресе бекіре тұқымдас балықтарды сақтау бойынша нақты іс-шаралар жүргізілмесе, қалған іс-шаралардан пайда жоқ. Мен сіздердің 2016 жылғы жоспарларыңызда ешқандай іс-шара жоқ деп есептеймін.

NCOC өкілдері табиғат қорғау іс-шаралары жоспарына каналды тереңдету бойынша жұмыстар енгізілмегенін растады.

- Біз техникалық құжаттамаларын, ТЭН және ҚОӘАБ құжаттарын әзірлеуіміз керек, біз бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз, жақын әзірде ұсынамыз, - деді Лукашов. – Қазір бюджеттік мәселелер анықталуда. Біз бюджетке бұл жұмыстар шығындарын енгізген жоқпыз, өйткені жоспарлар нақты анықталған жоқ. Бұл жоспарларды сіздермен, Бостан Шәмешұлы және Комитетпен бірлесе отырып дайындауымыз қажет.

- Болашақта бола ма? - деп Лукашовқа сұрақ қойды Ғ. Дүйсембаев.

- Қазір компания бар назарын құбыр желісін салуға, нысандарды қолданысқа енгізуге салып жатыр. Қосымша жұмыстар, әсіресе топырақтың үлкен көлемін алып, оны басқа жерге орналастыруға байланысты жұмыстар үлкен шығындарды талап етеді. Біз қазір бұған көңіл бөле алмаймыз.

МҮМКІН СОКОЛОКТЫҢ БОЙЫНА ОТЫРҒЫЗАРМЫЗ?

- «Каспий Табиғаты» ҮЕҰ төрағасы Махамбет ХАКИМОВ өз ұсынысын ортаға салды:

- Менің екі ұсынысым бар. Қазір өте қиын және қауіпті жұмыстар жүріп жатыр. Екі жыл ішінде суда да, құрғақта да құбырларды толық ауыстырады. Ескі құбыр алынып, жаңасы салынады, осының барлығы қазір табиғатқа зиян келтіруде, алайда бұлар табиғат қорғау жоспарына мүлдем енгізілмеген. Мұны қосу керек деп есептеймін. Иә, бұл сіздердің ақшаларыңызға жасалып жатыр, алайда бұл туралы үндемеу керек деген сөз емес. Екінші: табиғаттың өзі қай жерге тал егу керектігін білдіріп жатыр (компания Атырау – Доссор трассасының бойына тал отырғызу ниеттері бар екенін мәлімдеді – С.Т.). Бізде Соколок деп аталатын канал бар, соның бойына егіңіздер, сол жерлерде қазірдің өзінде жыңғылдар өсіп жатыр, бұл қала мен зауыт арасындағы қорғаныс белдеуі болады.

Лукашовтың айтуынша, құбырды ауыстыру және мониторинг жасауға байланысты жұмыстар 2016 жылдың Жоспарына қосылып, 10-тармақта (Зерттеулер мен мониторингтік жұмыстарды жүргізу) көрсетілген.

- Біз кейбір сөз орамдарын өзгертіп, сәйкесінше, сол жерге құбыр желісін мониторингтеу жұмыстары қосылғанын көрсетеміз.

«БІР АЙДАН КЕЙІН СОТҚА БЕРЕМІЗ!»

Тыңдауда Атырау қаласы және елді мекендерде орналастырылған, онлайн-режимде жұмыс жасайтын атмосфералық ауаны мониторингтеу станциясы деректеріне қолжетімділік туралы сұрақ қойылды.

Алайда, Лукашов жауап бергендей, станциялар ауа құрамына бақылау жасайтын мемлекеттік органдарға ақпарат беру үшін орнатылған.

- Осы станциялар мен басқа да ақпарат көздерінің мәліметтері арқылы мемлекеттік органдар атмосфералық ауаның сапасы жағдайы туралы біліп отырады. Сондықтан, біздің пікірімізше, станциядан шығатын ақпараттардың иесі мемлекеттік органдар болып табылады, - деді ол.

Осыған байланысты, «Заман» ҚБ жетекшісі Әсел НҰРҒАЗИЕВА мәлімдеме жасады:

- Бүгінгі қоғамдық тыңдауда біз билік пен компания арасында белгілі бір жігіттік келісімдер бар екенін, өзіміз үшін маңызды осы ақпараттар халыққа берілмейтінін тағы да естідік. Сондықтан жұртшылық, ҮЕҰ атынан егер бір ай ішінде газ анализаторлардан келіп түскен ақпараттар халыққа онлайн-режимде қолжетімді бола ма деген сұраққа нақты жауап берілмесе, біз өзімізге сотқа жүгіну құқығын қалдырамыз, өйткені сіздер Орхусс конвенциясының ақпараттарға қолжетімділік туралы талаптарын бұзып отырсыздар.

Модератор Шынар Изтелеуова: Бұл мәселе компаниямен талқыланды, осы қоғамдық тыңдаудан кейін NCOC мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өткізу туралы келісімге келдік.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

28 қыркүйек 2015, 11:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.