Атырау, 29 қараша 02:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​«Уорли Парсонста» қызметкерлер қысқартылып жатыр

1 897 просмотра

Image 0Көрнекі сурет. Редакциямызға «Уорли Парсонс Қазақстан» мұнай сервистік компаниясы қызметкерлерінен жергілікті қызметкерлерді қысқарту жүріп жатырғаны туралы хат келді. Біздің сұрау хатымызға берген жауабында компания басшылары фактіні растағанымен, оны басқаша айтып отыр.

«Жұмыстан босату туралы сұрақтарымызға «бізде жұмыстан босату фактісі жоқ. Біз жәй ғана келісімшартты ұзартпаймыз» деп жауап берді,- делінген компания қызметкерлері хатында. – Келісімшарттары ұзартылатындардың тізімі қазір кадрлар бөлімінде жатыр».

Қызметкерлер хатында көрсетілгендей, барлық жергілікті қызметкерлерді жұмыстан шығару туралы «жеке жақтырмаушылығына байланысты» бастама көтерген - компанияда 2013 жылдан бері жұмыс жасайтын шетелдік менеджер (аты-жөні мен лауазымы хатта көрсетілген – С.Т.). Қызметкерлердің айтуынша, ол визалар тоқтатылған барлық шетелдіктерді басқа рекрутингтік компаниялар арқылы жұмысқа кері алған. Сондай-ақ қызметкерлер оның келген сәтінен бір жыл жарым жасаған лауазымына тағайындалуынң заңдылығына да күмәнданып отыр.

Редакция «Уорли Парсонс Қазақстан» ЖШС бас директоры Талғат ИМАНҒАЛИЕВҚА редакцияға келіп түскен өтінішке түсінік беру жөнінде сұрау хат жолдады. Төменде Иманғалиевтың қолымен келген хатты ұсынамыз:

«Қазақстандағы және шетелдегі осы салада өз қызметтерін жүзеге асырып отырған басқа да компаниялар сияқты біз де клиентеріміздің капитал салуларының қысқаруына, жобалардың баяулануы мен тоқталуы, ал кей жағдайларда мұлдем жабылуы зардабынан болып отырған жұмыс көлемдерінің төмендегенін көріп отырмыз. Егер мәселені кеңінен қарайтын болсақ, Уорли Парсонс компаниясы соңғы бірнеше жылдарда әлем бойынша қызметкерлердің санын 11 000 адамға қысқартты, олардың шамамен 4 000-ға жуығы соңғы 12 айда қысқартуға ұшырады. Жобалық жұмыстардың жалпы төмендеуі біздің барлық қызметімізге үлкен әсерін тигізуде және өкінішке орай, бұл үдеріс Қазақстан Республикасын да айналып өткен жоқ.

Біз жұмыстан босату немесе қызметкерлердің санын қысқарту тәртібі мерзімді еңбек шартының әрекет ету мерзімі аяқталуына байланысты тоқтатылуынан белгілі бір өзгешілігі бар және бұл айырмашылықтарды дұрыс түсіне білген жөн екенін атап өткіміз келеді. Біздің Компаниямыз қызметкерлермен жасалған еңбек шарттарының барлық талаптарын сақтап отыр. Біз жергілікті органдармен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанымызды растаймыз және Компания осы шарттың барлық талаптарын орындауда. Сонымен қатар, 2015 жылдың қаңтарында 11 жергілікті қызметкермен және 63 шетелдік азаматпен еңбек шарттарының әрекет ету мерзімдері аяқталуына байланысты еңбек шарттары ұзартылғанын да растаймыз. Кейбір жағдайларда еңбек шартын ұзартпауға қызметкердің сол уақыт ішіндегі қызметі нәтижелері себепші болса, кей жағдайларда жұмыс көлемінің өзгеруіне байланысты болады. Біз қызметкерлерді ешқашан негізсіз жұмыстан шығармаймыз және мүмкіндік болса, қызметкерлерді компания ішіндегі жаңа орынға міндетті түрде ауыстырамыз».

Шетелдік менеджердің іс-әрекеттері турасына келсек, бас директордың жауап хатында келесілер айтылады: «Құпиялық пен Жеке деректерді сақтау туралы Заң талаптарын сақтау қажеттілігіне байланысты біз ... мырзаға қатысты сұраққа кең жауап бере алмайтынымызды қаперлеріңізге береміз».

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

25 қыркүйек 2015, 16:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.