Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті Ресей, Беларусь Республикасы және Қытайдан бір қатар ойыншықтарды әкелуге тыйым салды.
Мәселен, ресейлік «ООО Строим вместе счастливое детство» кәсіпорнының «Стена» құрылыс жиынтығы, «Цветок» пирамидалары, Белоруссияның «Занимательная черепаха» ойыншығы, қытайдан шығатын Lovely Baby ойыншықтар жиынтығы, «Музыкалық үзіліс» және т.б. атаулы ойыншықтарды кіргізуге тыйым салынды. Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ерболат УАЙСОВТЫҢ айтуынша, бұл шара осы ойыншықтардың техникалық регламенттерге сәйкессіздігін анықтаған зертханалық сараптама нәтижелері бойынша қабылданды.
- Біз бұл туралы осындай бұйымдар сатып алмауы үшін ойыншықтар сатумен айналысатын сауда ұйымдарына хабарладық. Егер олар осындай ойыншықтарды бұрын сатып алған болса, оларды дүкен сөресінен алып тастап, сатпаулары керек, - дейді техникалық регламенттер талаптарын сақтауға бақылау жасау бөлімінің басшысы Мәриям МЕҢДІҒАЛИЕВА.
Бұл тыйым салу қашанға дейін созылатынын комитет шешеді. Анықталған кемшіліктерді жою туралы өндірушілер де ескертілді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА