Қазақ күресі
«Атырау» ДСК-нде қазақ күресінен Қазақстан Кубогы өтті.
Облыстың аға жаттықтырушысы Айбек СЕРҒАЗИЕВТЫҢ айтуынша, оның шәкірттері өте сәтті өнер көрсеткен. Командалық жарыстарда атыраулықтар Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының командаларымен матчтық кездесу өткізіп, жеңіске жетті. Қызылордалықтармен өткен матч 4:4 есебімен аяқталып (олардың үш палуаны өз белдесулерін таза жеңіспен аяқтаса, бізде екі таза жеңіс), жеңіс қонақтарға берілді. Қорытындысында Қызылорда облысы 1-орын, Жамбыл облысы 2-орын, кілем иелері 3-орынға ие болды.
Жеке есепте атыраулық палуандар арасынан Сұңғат Закарияев ақтық айқаста Алматы облысының өкілі Тоқтар Қаркетеровты ұтып, «алтын» медаль алды. 100 келіден жоғары салмақта Кенжебек Күзембаев күміс жүлдегер атанды, ол финалдық белдесуде «Қазақстан барысы-2014» титулының иегері Мұхит Тұрсыновқа есе жіберді. Мұрат Дошахаев (55 келіге дейін) пен Сержан Оқасов (90 келіге дейін) «қолаға» қол жеткізді. 55 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін болған белдесуде Ринат Лаев жеңіліс тапты.
***
Данило - шебер ойыншы
20 қыркүйекте футболдан ел чемпионатының 26-туры аясында «Ақтөбе» өз алаңында «Атырауды» 1:0 есебімен ұтты.
Кездесу алма-кезек шабуылдар арқылы өрбіді, алайда ойын қорытындысында алаң иелері жеңіске жетті. 70-минутта ақтөбеліктердің бразилиялық шабуылшысы Данил СИРИНО бұрыштама добын ойынға қосуда шеберлік танытып, гол салды.
Осы турдан кейін «Атырау» алты командадан тұратын турнир кестесінде ең соңғы орынға түсіп қалды.
***
«Дунамистің» оралуы
Таэквондо (WTF) мен хапкидодан тәжірибелі жаттықтырушы, 2 дан қара белдігінің иегері Марс ҚҰРМАШЕВ (суретте оң жақта) жаттығуларын қайтадан бастады.
1998-2010 жылдар аралығында М. Құрмашев «Дунамис» (корей тілінен аударғанда «жоқтан жарылыс жасау» деген мағына береді) спорт клубында ұйымдастырылған таэквондо және хапкидо үйірмелерінде жаттығу жүргізді. Әлем чемпионатының қола жүлдегері Әскер Ербөлеков, ҚР чемпионы Самат Есбосынов, Александр Хван, Данияр Тілекқабылов оның шәкірттері болып табылады. 2010-2015 жылдар аралығында ұстаз Алматыда және оңтүстіккореялық Тиджан қаласында шебер Ким Копьеннан тәлім алып, шығыс жекпе-жегі бойынша шеберлігін шыңдады.
Сабуним (корей тілінен аударғанда – «шебер») Жарбосынов көшесі бойындағы «Байтал» бизнес орталығында орналасқан, өз жұмысын қайта жандандырған «Дунамис» спорт мектебінде жаттығулар өткізеді. Таэквондо жаттығулары сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері (балалар мен жасөспірімдер тобы) сағат 15.00-17.00 аралығында, хапкидо сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері (20 жастан жоғары) сағат 21-ден 23-ке дейін жүргізіледі.
***
Әлимансұр жақында Жәнібекке жетеді
Дәстүрлі «Астрахан Опен» 10-шахмат фестивалі өтті. Жарыстарға Ресей, Қазақстан және Әзірбайжаннан екі жүзге жуық ойыншы қатысты. Атырау намысын облыстың аға жаттықтырушысы Сабырбай Гайсин жетекшілігімен 1-БЖСМ шәкірттері қорғады.
Барлық жарысқа қатысушылар жас ерекшеліктері мен шеберлік деңгейлеріне қарай топтарға бөлінді. Гроссмейстерлік турнирде Азияның вице-чемпионы Жәнібек Аманов 9 тур өткізіп, олардың бесеуінде жеңіске жетіп, төртеуінде тең түсті. Нәтижесінде Жәнібек мүмкін болған 9 ұпайдан жеті ұпай жинап, екінші орын алды.
№24 мектептің 9 сынып оқушысы Нұрбек Хайрошев спорт шеберлігіне үміткерлер турниріне қатысып, 6,5 ұпаймен үшінші орын алды.
Ең талантты ойыншылардың бірі, №13 гимназияның 1-сынып оқушысы Әлимансұр Олжа фестивальдің ең жас ойыншысы сыйлығына ие болды. Ол 4,5 ұпай алды. Мамандар оның комбинациялық ойынына жоғары баға беріп, болашақта шахматта үлкен жетістіктерге жетеді деген болжам жасады.
Облыс құрамасының тағы екі ойыншысы үздік бестік қатарына ілікті. Бұлар - №13 ұлттық гимназияның 3-сынып оқушысы Нұрсипат Қайрош пен СТГА-ның 6-сынып оқушысы Нұрәділ Жамбыл. №17 мектептің 14 жастағы оқушысы Иманғали Қожамжаров та жақсы өнер көрсетіп, турнир кестесінің ортасынан орын тапты.
С. Гайсиннің айтуынша, қазір Астраханда шахмат қарқынды дамып келе жатыр. Оған жергілікті шахмат федерациясының еңбегі зор. Оның президенті Асқар Қабикеев Атырау шахмат федерациясымен байланысты кеңейту керек деген пікір айтты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА