Атырау, 29 қараша 02:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Жанбайлық детектив

7 030 просмотра

Image 0

Исатай ауданының орталығы Аққыстаудан 20 шақырымнан астам жерде, теңізге жақын орналасқан Жанбай ауылы туралы атыраулықтарда бұл нағыз браконьерлер ауылы, тұрғындары қатал, сырттан келген бөтен адамдарды жақтырмайды деген пікір қалыптасқан. Балық қорғау инспекциясының қызметкерлеріне де қол жұмсаған кездер болған, алайда, бұл аштық пен жұмыссыздық жайлаған 90-жылдары болған дейді...

ЕГЕР ҰРЫ АРАМЫЗДАН ШЫҚСА...

Енді, міне, «тәуелсіз» жанбайлықтар да жақын әзірден бері қатты мазасызданып жүр: бір-бірінің жүзін, атын, тіпті немен күнелтіп отырғанын білетін ауылда өжет те қайырымсыз ұры пайда болды. Адамдардың қалаға немесе басқа да бір жерлерге кеткенін білетін ол үйге кіріп, ақша мен бағалы заттарды ұрлайды. Ал соңғы кезде қылмыскер әбден есіріп, қарсылық көрсете алмайтын әйелдер мен балалар қалған үйлерге де кіретін болыпты. Бір үйде қарақшы жас әйелді өлімші қылып сабаған. Ал келесі үйді із қалдырмас үшін өртеп кеткен. Алып-қашпа әңгімелерге сенсек, жыл басынан бері Жанбайда отызға жуық ұрлық болған. Алайда тәуелсіз де менмен жанбайлықтар полицияға арыздануға асығар емес, олар ұрыны түбі анықтап, сазайын тарттыратындарына сенімді...

ҰРЛАДЫ, ҰРДЫ, ӨРТЕДІ

Image 4

Жаңа асфальтталған көшеден алғаш кездестірген адам бізге бірден жөн сілтеп, ұры өртеп кеткен үйдің отбасын қайдан табуға болатынын көрсетті.

Қазір зейнеткерлер Мейрам СӘРСЕНҒАЛИЕВ пен Мәнзила САТАНОВАНЫҢ отбасы коммуналдық меншіктегі үйде тұрады. Олардың үйлерінен түк қалмапты.

- Тамыз айында біз кіші баламыздың тойына дайындала бастадық. Үйге туған-туыстар жиналып, сыйлықтарын әкелді, той тамағын алып қойдық. Той 26 қыркүйекте болуы керек еді, - дейді отағасы.

- Бізді алғаш рет үйде ешкім болмаған кезде тонап кетті. Алайда сол уақытта үйде ақша аз болған еді. Ұры тек екі алтын сақина мен 4 мың теңге алып кетті. Ол мұнысымен тоқтамады, үйде тағы ешкім жоқ уақытты тауып, үйімізге кірген. Алатын зат іздеп жүргенде үйге келінім келеді. Ол ер адамның сұлбасын ғана көріп үлгерді, ұры оны аяқтан шалып, теуіп-теуіп, сабап кетті. Ештеңе алып үлгермеді.

- Үшінші жағдай біз үйде болғанда орын алды, - деп әңгімені жалғастырды Мәнзила. – Жұбайым тойға керек-жарақтарды алуға қалаға кетті. Мен ұлым және келініммен бірге жазғы асханада шәй ішіп отырдық. Үй асханадан екі-ақ қадам жерде, алайда біз үйге адам кіргенін де байқамай қалдық. Үйге кірген ұлым сыртқа жүгіріп шығып, «Бізді тағы тонап кетті!» деді. Үйге кірсек, үй астан-кестең. Бір кезде қатты жарылыс болып, үй өртене бастады.

Image 3

Ескі саман тастан салынған екі пәтерлік үй қурайша жанды. Өрт сөндірушілер келгенше үйден түк қалмады. Мейрам аға мен Мәнзила апаның үйі толықтай жанып кетті. Ұлы тек кілемді шығарып үлгерді. Кейіннен олар күл астынан еш жерін жалын алмаған Құранды тауып алды...

Мейрам мен Мәнзиланың отбасын жергілікті билік бос тұрған үйге көшірді. Ауылдастар киім-кешекпен, тұрмыстық заттармен көмектесті.

Үйдің екінші жағында тұратын көршілерге де оңай болған жоқ. Олардың үйлерінің жартысын да өрт жалмады. Сегіз адамнан тұратын 78 жастағы Мәрия ҚАЛАБАЕВАНЫҢ отбасы баспанасыз қалды. Бүгінде олар суы, газы, пеші жоқ жазғы асханада тұруға мәжбүр болып отыр, ал алда салқын кездер келе жатыр.

Екі отбасы да менімен әңгіме барысында Жанбайда көбейіп кеткен ұрлық туралы айтты. Алайда нақты мысалдар мен басқа зардап шеккендер туралы айтқылары келмеді.

- Ұрлық көп деген алып-қашпа әңгімелер шығып жатыр, алайда ешкім полицияға хабарламайды, адамдар қорқады. Түсінесіздер ме, ауылда барлығы бірін-бірі біледі, бізде бөтен адамдар жүрмейді. Осының бәрін өзіміздің ішімізден шыққан біреу жасап жүр деп ойлаудың өзі қиын. Біз полицияға шағымдандық, өйткені, біздің жағдайымызда ол шектен шығып кетті, - дейді Мейрам аға. – Ұсталып, заң алдында жауап берсін.

Басқа тұрғындардан да тартып, сұрап көріп едік, алайда олар да басқа зардап шеккендер туралы ештеңе айтпады. Біреуі сондай әңгімелер жүріп жатыр ғой деп сараңдау айтқандай болды, көпшілігі әңгіме барысында «Ештеңе білмеймін, ештеңе айтпаймын» деген пікірде болды. Жанбай халқы, міне, осындай...

«БАРЛЫҒЫ БЕС-АҚ АРЫЗ»

Image 5

Жанбай ауылындағы ұрлықтар фактілерін Исатай аудандық ІІБ бастығы Ануар ТӘЖБЕНТАЕВ та растады.

- Алайда сол жерде ұрлық белең алып, ауыр қылмыстық ахуал орын алған деп айтуға болмайды. Жыл басынан бері жанбайлықтардан ұрлық туралы небары 5 арыз келіп түсті. Бір факті ашылып, екі факті бойынша іс тоқтатылды. Тағы екі факті – бұл Сәрсенғалиевтар отбасының ісі. Олардың арызы бойынша ұрлық, ұрлық жасауға әрекет ету және өрт қою қылмыстары ретінде тергеліп жатыр. Іс тергеу кезеңінде.

Тұрғындардан басқа арыз-шағымдар келіп түскен жоқ. Сондай-ақ, қызметкерлеріміз тұрақты түрде аулаларды аралап, халықтың жай-күйін біліп отырады. Сондықтан мұның бәрі қауесет әңгімелер деп пайымдауға болады. Жанбайдағы криминогендік ахуал тұрақты деуге болады. Ауылда тірек бекеті бар, учаскелік инспекторлар жұмыс жасап жатыр. Егер расымен де белгілі бір қылмыстар фактілері бар болса, адамдар арыз жазсын, біз тексереміз.

«ЖАНБАЙ БҰРЫНҒЫДАЙ ЕМЕС»


Image 1

Бұл туралы бізге Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ айтты:

- Бүгінде Жанбайда 3000-ға жуық адам тұрады. Жанбайлықтар күнін браконьерлікпен көріп отыр деп бұрын айтылатын еді. Қазір олай емес. Адамдар заңды түрде балық өндірістік кооперативтерінде жұмыс жасайды, шағын және орта бизнес дамып жатыр.

Өткен жылы ауыл тұрғындарымен облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ кездесті. Адамдар өздерін толғандыратын мәселелерді айтты. Облыс әкімінің шешімімен Жанбай тірек елді мекен мәртебесіне ие болды. Бүгінде сол жерде бірнеше әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл 6,7 шақырым тас жол, 5,8 шақырым жүргіншілер тротуары салынды. Сол жерде болдыңыздар, жаңа жолдарды көрдіңіздер. Өткен жылы 160 орындық балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілді. 760 орындық мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі деп күтілуде. Отбасылық-дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды. 200 орындық мәдениет үйін салу жоспарымызда бар. Ауылдың бас жоспары дайындалуда. Ресейлік «Потенциал Ойл» мұнай өндіруші компаниясы Жанбай тұрғындарына жақсы қолдау жасап жатыр. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетіп отыр. Сондай-ақ, бұл компания ауылға музыка мектебін сыйға тартты. Бүгінде жанбайлықтардың ауылда тұруына барлық жағдай жасалған. Әлеуметтік шиеленіс жоқ.

Өрт салдарынан үйінен айырылған Сәрсенғалиевтар отбасын біз уақытша коммуналдық меншіктегі үйге орналастырдық. Алға қарай үй мәселесін шешетін боламыз. Зардап шеккен екінші отбасы үшін «Потенциал Ойл» компаниясына көмек сұрап хат жаздық. Қалай болғанда да адамдар баспанасыз қалмайды.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

24 қыркүйек 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.