«Ақжайық» резерватының бөлім басшысы Борис ЦОЙ (суретте) ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қызметкерлерінің арасында өткен республикалық «Тіл – татулық тірегі» байқауында 2-орын алды.
Байқау 18 қыркүйекте Астанада өтті. Оған 17 ұлт өкілдері қатысты. «Таныстыру» кезеңінде Борис Григорьевич корейлердің Қиыр Шығыстан Қазақстанға депортациялануы туралы өлеңмен айтты. Сондай-ақ ол Атырау облысының табиғаты, «Ақжайық» резерватының жұмысы және өз отбасы туралы баяндап берді. Ол орындаған Ә. Тінәлиевтің «Анамның тілі – аяулы үні» әні әділ қазылар мүшелерін бей-жәй қалдырмады, олар Бориске ең жоғары баға қойды.
Борис техникалық терминдерді аударуда да өзін жақсы көрсетті. Тек қазақ мақал-мәтелдерін, жұмбақтары мен тұрақты тіркестерін жақсы білуді талап ететін «Өнертаным» кезеңінде ғана төрт алып қалды. Содан кейін Борис «Салт-дәстүр – мәдениет мәйегі» кезеңінде бес алды. Шынын айту керек, жолы болып, жеңіл билет суырды. «Көрімдік» және «байғазы» сияқты дәстүрлердің мәнін айту оған қиынға соққан жоқ.
Байқауға қатысушылар дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Борис Цой ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВТІҢ қолынан «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор