Полиция қызметкеріне қатысты зорлық-зомбылық әрекет жасағаны үшін Қызылқоға ауданының екі тұрғыны сотталды.
Қызылқоға аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Миялы селосының тұрғындары М.Т. мен Н.Н. аудан орталығындағы «Керуен» сауда орталығының маңында спирттік сусындар тұтыну кезінде учаскелік полиция қызметкері Д.Д-ның көз қырына іліккен.
Учаскелік инспектор өзінің тікелей міндетін орындай отырып, қоғамдық орында алкоголь ішуге тыйым салынғандығы туралы еске салған. Алайда бұл ескертуге ер адамдар ызаланып, билік өкілінің денсаулығына жеңіл зиян келтірген.
Қызылқоға аудандық сотының үкімімен бөтелкелестер ҚР ҚК-нің 380-бабы бойынша кінәлі деп танылып, екеуіне де бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды. Оларға ҚР ҚК-нің 63-бабы қолданылды (шартты жаза).
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА