«АЖ» журналистері белгілі бір өнімдер мен тауарлар тобының бағасына, соның ішінде бензинге мониторинг жүргізіп отырады (16-беттегі «Естілмесе елдің зар-мұңы, Бар шығар онда нандығы» деп аталатын апталық кестені қараңыз). Тамыз айындағы теңге девальвациясынан бастап, күріш пен қанттың бағасы орташа алғанда 20 теңгеге өсті. Сондай-ақ, орташа алғанда бензин бағасы 17 теңгеге қымбаттады. Мониторинг белгілі бір тауарларға және бар болғаны 4 сауда нүктесіне жасалатындықтан әлеуметтік желілердің бірінде жарияланған сауалнамада қала тұрғындарына өздері байқаған өзгерістермен бөлісіп, соңғы ай ішінде бағалар шынымен де қымбаттады ма деген сұрақтарға ажуап беруді ұсындық.
БӘРІ ҚЫМБАТТАП КЕТТІ
Юлия К.: «Добрая Буренка» сүзбесін үнемі сатып аламын. Оның бағасы 150-ден 200 теңгеге қымбаттап кетті.
Гүлмира Ж.: Барлық азық-түліктер дерлік қымбаттап кетті. Мәселен, күріш, қант бағасы бір аптаның ішінде 40-50 теңгеге көтеріліп кетті. 19 литрлік ыдыстағы су 50 теңгеге қымбаттады.
Бану К.: Цемент бағасын көтеріп жіберіпті, бір тоннасы 17000 теңге еді, қазір 18000 болыпты.
Жанар Т.: Бәрі қымбаттады: сүт, қант, шұжық, кір жуатын ұнтақ, балалар жөргектері және т.б. Тізімде шек жоқ!
Елена: «Идеал» супермаркетіндегі кесіліп, оралған ет 1250 теңге еді, енді 1320 болыпты. 1530 теңге болған түрі енді бір келісі 1450 теңгеден сатылып жатыр.
Гаухар Ш.: Мәселен, ресейлік «Добрая Буренка» сүтінің 3,2 пайыз майлылықтағы түрін жеке тұлғалар бір пакетін 110 теңге сату бағасымен әкелетін еді. Енді 150 теңгеден сұрайды. Меніңше, қымбаттамаған тауарларды санамалаған оңай шығар.
Алтын: Бәрі қымбаттап жатыр, соның ішінде дәрі де бар. Мәселен, Виферон суппозиторийін бұған дейін дәріханалардан 1200 теңгеден сатып алатын едім, енді ол 1500 теңге тұрады.
Әйгерім Б.: Шаруашылық тауардарының бағалары күрт өсіп кетті. Мәселен, «Elseve» сусабыны «Идеал» мен «Лидер» супермаркеттерінде 370 теңге тұрды, енді – 460 теңге болған. Денеге арналған «Чистая линия» жақпамайын бұрын 470-490 теңгеден сатып алатын едім, ол енді 710-740 теңге тұрады.
Салтанат Ж: Құрылыс материалдарының бағасы өсті. Металл бұйымы, темірбетонды бұйымдар, ПГС, шебін, топырақ қымбаттап кеткен. Салыстыру үшін айтар болсақ, профлист бағасы 160 теңгеден 230 теңгеге өсіп кеткен.
Алевтина Н.: Мен дәрі-дәрмек бағасының өскенін байқадым. Дәрілер қымбат болған сайын, оның қымбаттағаны да едәуір білінеді. Мәселен, Гастритол тамшысын бірер ай бұрын 1000 теңгеге сатып алдым, енді олар 1400 теңге тұрады. Келісерсіз, өте елеулі айырмашылық. Тіпті бинттердің бағасы да 15-20 теңгеге қымбаттап кетті.
Лара Б.: Кептірілген жеміс-жидектер қатты қымбаттап кетті. Ең арзан кептірілген өрік 1500 теңге тұрды, енді оны 2500 теңгеден сатуда, жаңғақ 2200 теңге тұрған, қазір 2800-3000 теңге тұрады.
Гүлмира Ж.: Балалардың тіс жуатын пастасын «Лидер» супермаркетінен бұрын 350 теңгеден сатып алатын едік, енді ол 440 теңге тұрады.
Самал: Бұрын Валтрекс дәрілік препараты 5000 теңгеден сатып алатынмын, енді дәріханаларда 7200 теңгеден сатуда.
Дегенмен, сауалнамамызға қатысушылардың көпшілігі бұл тек баға өсімінің басы ғана деген пікірлерін айтты. Олар Жаңа жылға қарай бағалар одан әрі өсе береді деп есептейді.
АЙЫНА 10 000 ТЕҢГЕ
Ең алдымен бұл қымбатшылық зейнеткерлерге, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, мүгедектерге ауыр тиген.
82 жастағы Маржан әже зейнетақысының бар болғаны 32 мың теңге екенін айтты. Ай сайын 10 мыңдай теңге коммуналдық қызметтер мен телефон қызметін төлеуге кетеді:
- Бәріне үнемдеуге тура келеді. Кешкілікте жарықты жақпауға тырысамын. Онсыз да барлық бөлмелерге бір лампадан қалдырдым. Бәрі қымбаттап кетті. Үйдің жанындағы дүкеннен ең арзан ресейлік сүтті 190 теңгеден сатып алатын едім. Енді оны әкелмейтін болған. Қазақстандық «Мое» сүтін 410 теңгеден сатады. Бір қорап сүзбе енді 400 теңгеден тұрады. Бәрі көп қымбаттай бастады.
Мен егде адаммын, маған дәрі-дәрмектер үнемі керек. Дәрігерден онсыз да ең арзанын жазғызып аламын, кейбірінен мүлдем бас тартуға тура келеді. Зейнетақыдан 10 мың теңгедей қалып жатса жақсы-ау. Бірақ жаңа бағамен қалай өмір сүруге болады – ақылыма сыймайды. Онсыз да соңғы кездері тек макаронмен және картоппен күн көріп жүрмін.
Тамара СУХОМЛИНОВА